Маңғыстау облысында ауыл әйелдерінің форумы өтіп жатыр

None
None
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Іскер әйелдер форумы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, шараға Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау, Бейнеу аудандарынан кәсібін дөңгелетіп отырған түрлі саладағы іскер әйелдер қатысты.

«Бүгін міне, ауыл әйелдері форумын 14-нші облыста өткізуге келіп отырмыз. Жалпы, мемлекет саясатындағы маңызды тақырыптың бірі – ол ауылдың тұрақты дамуы және ауыл тұрғындарының табысын арттыру болып табылады. Бүгінгі форумда «Ауыл әйелдерінің кәсібін дамыту үшін қандай әдістер қолданды? Қаржы мәселесі қалай шешілді? Механизмдер қандай?» деген сұрақтарды кеңінен талқылап, тәжірибе алмасамыз», - деді ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту кеңесінің мүшесі Салтанат Рақымбекова.

Ауыл әйелдерінің форумы 2008 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымы Ассамблеясының бастамасымен 15 қазан – Халықаралық ауыл әйелдерінің күні аясында жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта іскер әйелдердің өңір экономикасына қосып отырған үлесі және жетістікке жетудегі тарихы баяндалған кітап шығару жоспарлануда.

«Ауыл әйелдерінің Маңғыстау облысындағы форумы ғажап дүние деп есептеймін. Бұл өңір ежелден қаймағы бұзылмаған, ұлттық дәстүрі сақталған, өзіндік ұстанымы бар – тамаша өңір. Біз турасына келсек, қазірге дейін қалаға көбірек көңіл бөлдік. Ал дала мен қаланың арасын жақындату ол тек ауылдағы әйелдерді қолдау ғана емес, өмірді жақсарту үшін болып жатқан дүниелер. Оның арғы жағын алып қарайтын болсақ, ұлттық мүдде, рухани өсу, отбасылық құндылықтар жатыр. Осы ретте мен қазақ әйелін үлкен күш деп айтар едім»,- деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қаракөз Сүлейменова.

Шілде айынан бастап әр өңірде өтіп келе жатқан форумға барлығы 2700 әйел қатысып, 85-ке жуығының жетістік тарихы тыңдалды. Бүгінгі күні ауылдың тұрақты дамуына қандай ықпал жасалып отыр? Үкімет тарапынан қандай бағдарламалар іске асырылуда? Кәсіпті қалай, неден бастау қажет деген мәселелер осы форумда сөз болды.

Айта кетейік 7-8 қараша күндері Ауыл әйелдерінің II республикалық форумы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Оған әр облыстан 15 делегат қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар