Маңғыстау облысында АИТВ-ға шалдыққан науқастардың ең кішісі – 3 жаста

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында АИТВ инфекциясына шалдыққан 353 адам есепте тұр. Олардың ішінде ең кішісі – 3 жастағы бүлдіршін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде науқастардың ішінде 4 бала, 2 жасөсіпірім бар. Биыл 3 медицина қызметкері АИТВ-инфекциясын жұқтырған.

Жалпы биыл өңірде аталған инфекцияны жұқтырған 76 адам анықталған. Оның жетеуі – шетел азаматтары. Жыл соңына дейін 143 мың адамды тексеруден өткізу жоспарланып отыр.

«АИТВ инфекциясының алдын алу іс-шараларын үздіксіз жүргізу нәтижесінде жыл сайын тексерістен өтетін халық саны көбейіп келеді. 21 қараша мен 1 желтоқсан аралығында»Теңдік уақыты«ұранымен өткізілген науқан аясында орталық мамандары білім беру мекемелеріне, әскери бөлімдерге, бизнес нысандарына, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ақпараттық-түсіндіру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Басты мақсат – АИТВ инфекциясынан қорғану және сақтық шаралары жөнінде толыққанды мағлұмат беру, осы кеселге душар болған науқастарға қатысты теріс көзқарас пен кемсітушілікті жою деуге болады», - дейді Маңғыстау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың директоры Әнуар Сағымбаев.

Бүгінгі таңда АИТВ-инфекциясын жұқтырудың үш түрлі жолы мәлім. Біріншісі –жыныстық қатынасқа түскенде контрацепция құралдарын қолданбау, екіншісі – қан арқылы, түрлі инъекциялар кезінде залалсыздандырылмаған шприцтерді қолдану. Сондай-ақ инфекция анадан нәрестеге жұғады.

«Облыс бойынша науқастардың 70-тен астам пайызы жыныстық жолмен жұқтырған, 15 пайызы есірткіге тәуелді адамдар арасында анықталды. Ал ауру жұқтырғандардың 10 пайызы гомосексуалдық қарым-қатынастағы ер адамдар», - дейді орталық директорының үйлестіру-әдістемелік және эпидемиологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақнұр Тасболатова.


Соңғы жаңалықтар