Маңғыстау облысында 80 үйдің ауласы нөсер жаңбыр суынан тазартылды - ТЖК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 2016 жылғы 7-9 наурыз күндері аралығында 20 көше мен 80 ауланы су басқан. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

2016 жылдың 7-9 наурыз күндері аралығында Маңғыстау облысында толассыз жауған жаңбырдан күре жолдар мен көшелерді су шайып кетті. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданындағы Атамекен, Басқұдық және Баянды ауылдарының кей жерлерінде осыған ұқсас жағдай орын алды.

Жағдайды нақтылау мақсатында комиссия құрылып, 20 көше мен 80 ауланы су басқанын, соның ішінде 12 үйге су кіріп кеткенін анықтады. 12 үйге іргетастары жоқ болғандықтан су кіріп кеткен.

Ең көп зардап шеккен жер - Мұнайлы ауданының Атамекен ауылы, мұнда «Арай», «Прогресс», «Көктем», «Қаламқас» және «Туған ел» тұрғын алабтарын су шайған.

Атамекен ауылын су басуына жерасты арналар жүйесінің болмауы және жерасты суының жоғары деңгейі себеп болып отыр.
Ауданда толассыз жауған нөсер жауын салдарын жою бойынша штаб құрылды, суда қалған әрбір тұрғын алабына жауапты тұлғалар бекітілді.
2016 жылдың 10 наурызында Комиссияның табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша кезектен тыс отырысы өтіп, онда нөсер жауын салдарын жою, сондай-ақ Атамекен және Басқұдық ауылдарында жерасты арналар жүйесін жобалауға қаражатты облыс әкімдігі қорынан бөлу шешілді.
2016 жылдың 7 наурызында су басқан аудандарда су айдау үшін 78 техника мен 241 адам, 17 мотопомпы жұмылдырылып, 97 236 текшеметр су сорылды.
Су басқан аймаққа 150 текшеметр құм-тас қоспасы, 150 метр құбыр, 10 текше метр шағыл, аулаларда бөгеттер салу үшін құм салынған 250 қап жеткізілген.

Соңғы жаңалықтар