Маңғыстау облысында 60-тан астам этнос өкілі тұрады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл басынан жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты ардагерлерге, балалар үйі мен қарттар үйіне, «Біз адамдар-біз біргеміз» қайырымдылық ұйымына ұдайы демеушілік етіп келеді. Сондай-ақ өңірдегі 60-тан астам этнос өкілдерінің мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрінің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болуда.ҚазАқпарат тілшісінің Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайлхановамен сұхбатына осынау игілікті істер арқау болған.

- Аманкүл Әбдіғалиқызы, облыста «Достық үйі» салынды. Бұл көп функциялық үй 20 этномәдени бірлестікті бір шанырақ астында біріктіріп отыр. Жалпы өңірде қанша ұлттың өкілі тұрады?

- Маңғыстау облысында 60-тан астам этнос өкілі тұрады, сонымен қатар өңірде мәдениет, тіл, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты насихаттайтын 20 этномәдени бірлестік және Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, РЖҚ «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы, Ғылыми сараптамалық топ, медиация, «Біз біргеміз» кабинеттері жұмыс істейді. Бұларда халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлердегі іс-шаралар өткізіледі. Атап айтар болсам, Маңғыстау облысында ақпараттық-насихаттық жұмыстың сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылға арнайы іс-шаралар жоспары жасақталып, ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Биыл әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты біраз шараларымыз онлайн өтті. Абайдың 175 жылдығы, ҚХА 25 жылдығы т.б. волонтерлердің көмегімен қайырымдылық шаралар ретінде және онлайн өткізілді.

- Волонтерлер жылында ҚХА бастамасымен қандай жұмыстар атқарылды? Бірауық соған тоқталып өтсеңіз.

Маңғыстау облысы «Достық үйі» базасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Волонтерлер қозғалысының орталығы ашылды. Бұл қозғалыстың негізгі 4 бағытының бірі – бірлік. Мақсаты: волонтерлердің нақты әлеуметтік міндеттерді шешуге, халықтың қорғалмаған топтарына көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік маңызды жобаларды ұйымдастыру. Негізгі бағыты – мұқтаждарға көмек көрсету бойынша қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Барлығы 7 млн теңге сомасында этномәдени бірлестіктер мен кәсіпкерлер және волонтерлердің қолдауымен азық-түлік, гигиеналық құралдарымен қоса 10 мыңға жуық маска таратылды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқыны салдарынан зардап шеккен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы отандастарымызға 10 тонна (азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық құралдары) жіберді.

- Ғылыми-ағартушылық бағытта қандай жұмыс атқарылды?

- «Қазақтану» ғылыми – ағартушылық жобасы аясында, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында, «Ситуативный казахский – «Мәміле» жобасын іске асыру бойынша этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер мен оған үйрететіндерге арналған «Мәміле» диалог алаңы ашылды. Клуб жұмысы «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қ. Тасыбековтің әдістемесімен іске асырылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік және этнос тілдерін оқытатын жексембілік мектептер жұмыс істейді. Олар: «Видербург» неміс этномәдени бірлестігінің бастауыш мектебі, «Самур» лезгин этномәдени бірлестігі, «Дагестан» дағыстан этномәдени бірлестігі және «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігі.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар