Маңғыстау облысында 50 қария теңізге катермен саяхаттады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау өңірінде 1 қазан – Қарттар күніне орай бірнеше шара жоспарланды. Оларды жергілікті үкіметтік емес ұйымдар, білім беру ұйымдары, азаматтық қоғам өкілдері ұйымдастырады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«1-10 қазан аралығында «Қайырымдылық» акциясы ұйымдастырылып отыр. Аталған шараларды өткізу қыркүйек айының соңғы аптасынан басталып кетті. Жоспар бойынша 50 қарт теңізге катермен саяхаттады. Сондай-ақ қаланың жаңа шағын аудандарына автобуспен серуенге шықты. 87 қарт азық-түлік топтамасымен қамтылып, 10 қарт қаржылай көмек алды. Тағы 32-сіне мерекелік түскі ас ұйымдастырылды»,- деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсангүл Досполова.

Жалпы Маңғыстау облысы бойынша қарт санатына жататын 57 530 адам бар. Ал Ақтаудағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында егде жастағы 119 адам тұрып жатыр. Оларға 102 қызметкер күтім жасайды.


Соңғы жаңалықтар