Маңғыстау облысында 3 оқушы мен 1 мұғалім коронавирус жұқтырды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында оқу жылы басталғалы 3 оқушы мен 1 мұғалім коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Маңғыстау облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Бердібек Қарайтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тапсырған тестілерінен коронавирус инфекциясы расталған екі оқушы қашықтан оқиды. Тағы біреуі №29 орта мектепте оқиды. Оқушы қазір карантинде. Ол оқыған кезекші сынып оқушылары да карантинге жіберілді. Баламен байланыста болған барлық адамнан карантинде отырған 7-күні COVID-19-ға анализ тегін алынады. Олардың тест қорытындылары таза шықса, мектепке жіберіледі. Сондай-ақ, Мұнайлы ауданындағы мектепте ағылшын тілі мұғалімінен коронавирус анықталды. Оқытушымен байланысқа түскендердің барлығы тексеруден өтеді», - деді Бердібек Қарайтаев.

Оның айтуынша, егер бала суық тиіп немесе тұмаумен ауырса мектептер мен балабақшалардың әкімшілігі COVID-19-ға ПТР-тестінің анықтамасын талап етуге құқылы емес. Бірақ, ата-ана баласынан коронавирус белгісін көрсе, онда емханада учаскелік дәрігерден ПТР-тестіні тегін тапсыруын талап ете алады.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, егер бір бала коронавирус инфекциясын жұқтырса, сыныпта карантин жарияланады. Бірақ мектеп жұмысын жалғастыра береді. Бұл шаралар санитарлық талаптарға сәйкес қабылданады.

Маңғыстау облысында пандемия басталғалы 43 оқушы мен 23 мұғалім қауіпті індетті жұқтырған.

Өткен бір тәулікте вирусты жұқтырудың 4 жағдайы расталды.


Соңғы жаңалықтар