Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін жеті су тұщыту жобасы іске асырылады - Нұрлан Ноғаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін жалпы қуаты тәулігіне 200 мың текше метрге жуық жеті су тұщыту жобасы іске асырылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта облыста ауыз суды тұтыну көлемі 162 мың м3 құрайды. Ал тапшылық әсіресе жазғы кезеңде сезіледі, қажеттілік тәулігіне 77 мың текше метр. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап су тапшылығын жоюға байланысты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мәселен, «Қаражанбас» кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауыты іске қосылған. Бұған дейін кәсіпорын «Астрахань-Маңғышлақ» құбырынан су алып келген болатын. Нәтижесінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылуда. Су тапшылығын жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан тағы бір шара «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту арқылы тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2022 жылдың жаз маусымында қуаты 5 мың текше метр тұщыту қондырғысы пайдалануға берілді. Ал қалған жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.


«Сонымен қатар, Ақтауда жеке инвестордың есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұщыту қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мың текше метр су алу жоспарланған. Мемлекет басшысы алға қойған 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау жөніндегі міндеті бүгінде толық орындалды. Нәтижесінде елді мекендерде халықтың ауыз суға қолжетімділігі 96% - дан 100%-ға дейін жетті», - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Бұдан бөлек биыл Ф.Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, «МАЭК» аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.

«МАЭК» энергия және су өндіру кешенін жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шараларға жеке тоқтап өткен жөн.


«Президент Үкіметке облыс орталығындағы инженерлік желілерді қайта құруға қажетті қаражат бөлуді тапсырды. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешудің бірі «МАЭК» кешенін әкімдіктің коммуналдық меншігіне өткізу болып табылады. Кәсіпорынды коммуналдық меншікке берудің арқасында бізде кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі пайда болды. Жергілікті атқарушы органның резервінен электр станциясының тозған жабдықтарын, тұщыту қондырғыларының сорғы жабдықтарын және ДОУ үшін жылу алмастырғыш түтіктерді ауыстыруға 2,6 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Сондай - ақ, электр станциялары мен МАЭК су тұшыту кешені жабдықтарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен жабдықтар мен жиынтық құралдар сатып алуға 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуге өтінім жолданды», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар