Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 24 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының аясында өңірде 4 қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлім етті.

«Денсаулық сақтау саласындағы 16 нысан салу көзделген. Оның ішінде Ақтау қаласындағы көпбейінді аурухана, емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт және басқалар бар. Білім саласында 24 мектеп және 11 қосымша құрылыс салынады. Сондай-ақ, 5 колледж заманауи жабдықтармен жабдықталады», - деді министр.

Кешенді жоспар аясында мәдениет және спорт саласында тарихи-өлкетану мұражайы мен драма театрының, стадионның, мұз сарайының, 3 спорт кешенінің және басқа да бірқатар объектілердің құрылысы жоспарланған.

«Кешенді жоспардың бірқатар іс-шаралары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, атап айтқанда, «Қошқар ата» қалдық қоймасы қалпына келтіріліп, 4 қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынады. Өңірдің қауіпсіздігі мен қоғамдық құқықтық тәртібін қамтамасыз ету үшін 3 модульдік өрт сөндіру бөлімінің құрылысы, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жоспарлануда», - деді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, 2025 жылға қарай бұл шараларды іске асыру шеңберінде өңірдің ЖӨӨ-ні 32%, өңдеу өнеркәсібі көлемін 43,3% өсіруге мүмкіндік бермек.

«Ауыз сумен қамту 100%-ға, халықтың нақты табысы 40,3%-ға дейін өседі. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейін 100%-ға дейін артатын болады. 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Жыл сайынғы туристер ағыны 4,6 есе артады. Сондай-ақ, бір тұрғынға тұрғын үй көлемі 27,2 шаршы метрге дейін ұлғаяды және мектептердегі үш ауысымды оқыту жүйесі реттеледі», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар