Маңғыстау облысында 200 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында үй салуға жер алу үшін 205 мың 400 азамат кезекке тіркелген. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жер кезегіне тұрғандар саны артып отыр. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 172 мың 933 болған.

- Жер учаскесіне кезектің ұлғаюы - кезек тізімінің электрондық форматқа өткізіліп, кезекке тіркелу процессінің автоматтандырылуына байланысты болып отыр. Жер учаскесіне тіркелу Egov порталы арқылы жүргізіледі. Бұл бұрын мемлекеттен жер учаскесін алмаған азаматтарға әкімдікке бармай, қашықтан өтініш беріп, еліміздің кез келген елді мекеніне жер кезегіне тұруға мүмкіндік береді, - дейді Есемұрат Дүзмағанбетов.

Басқарма басшысының мәліметінше, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында жеке тұрғын үй құрылысы үшін бос алаң қаралмаған. Басқа аудандар бойынша бос 21 156 учаске бар.

Соның ішінде инфрақұрылыммен қамтылғаны – 2055 учаске (7,8 %). Аталған учаскелер электр желісімен толықтай, газ және сумен ішінара қамтамасыз етілген.

- Өткен жылы жерге қатысты біраз заңдарға өзгеріс енгізілді. Қазіргі кезде ҚР Жер Кодексінің 33-бабының 5-1 тармақшасына сәйкес, жалға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жер пайдалану құқығын сатып алмай, басқа тұлғаға сату, сыйға тарту және басқа да мәмілелер жасау мүмкіндігі пайда болды, - дейді Есемұрат Дүзмағанбетов.

Соңғы жаңалықтар