Маңғыстау облысында 144 мыңнан астам оқушы сауықтыру лагерьлеріне барады

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының 145 мектебінде 1-10 сыныптарда 160 мыңға жуық оқушы бар, оның ішінде 144 мыңнан астам оқушы сауықтыру лагерьлеріне бара алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында 239 сауықтыру мекемесі жұмыс істейді. Қала сыртында 4800 балаға арналған 3 лагерь («Балдәурен», «Фламинго», «Ақбөбек») және 18 470 балаға арналған мектеп жанындағы 92 лагерь, сондай-ақ 25 220 балаға арналған 98 мектеп жанындағы кәсіптік және 46 шатырлы лагерь бар.

«Балдәурен» лагерінің базасында 300 оқушыны қамтитын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагері ұйымдастырылады. Биылдан бастап «Жас сарбаз» лагері облыстың барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, облыстық балалар ауылының 16 тәрбиеленушісі 2 ай бойы өңірден тыс лагерьлерде демалатын болады. «Өз еліңді таны» жобасы аясында облыстың 120 баласы Тараз, Семей, Көкшетау қалаларына экскурсияға жіберіледі. Сондай-ақ, аудандық, қалалық білім бөлімдері басқа өңірлердің лагерьлерінде 1700-ден астам баланың демалуына конкурс жариялады. Жалпы жазғы демалыстың барлық іс - шараларын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 682,1 млн теңге бөлінді», - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.

Сондай-ақ, 4982 бала «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, ал 1450 бала көгалдандыру жұмыстарына қатысады. 40 200 бала 59 аула клубтарында, IT сыныптарында, спорт секцияларында және шығармашылық үйірмелерде бос уақытын өткізе алады. 62 283 бала облыс, республика аумағында және шетелде экскурсиялармен, танымдық-туристік іс-шаралармен, оның ішінде өңірдегі 10 туристік маршрут бойынша қамтылатын болады.

36 162 бала «Жас ұлан», «Жас қыран» әскери-патриоттық және тілдік, пікірталас үйірмелеріне тартылады. Сонымен қатар ҚР Білім Министрлігінің «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында 5-8 сыныптағы 1 410 дарынды ауыл балалары жазда «Фламинго» лагерінде демалады.


Соңғы жаңалықтар