Маңғыстау облысында 10 ауылдың атауы бірдей

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 10 ауылдың атауы бірдей. Оларды ерекшелеп тұрғаны жанына қосылып айтылатын сандар ғана, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Атап өтілгендей, тек Мұнайлы ауданында Маңғыстау-1, Маңғыстау-2, Маңғыстау-3, Маңғыстау-4 және Маңғыстау-5 атауларымен елді мекендер бар. Сондай-ақ облыс картасынан Маңғыстау ауданын да көруге болады. Бұл қонақтарды ғана емес, жергілікті тұрғындардың өзін шатастырады. Өңір белсенділері жағдайды өзгертпек болып, биліктен ауылдардың атауын өзгертуді сұрады.

«Облыс пен ауданға бір атау беру - тым артықтау сияқты. Мұнда Маңғыстау деп аталатын көшелер де бар. Ауылдарды белгілі тұлғалардың есімімен неге атамасқа?», - дейді қоғам қайраткері Киікбай Жақыпов.

Мұнайлы ауданының әкімдігі қоғам белсенділерінің ұсынысына құлақ асып, бірнеше ай бойы ауылдардың атауын өзгерту мәселесін қарастырды. Нәтиже - Маңғыстаудың бес ауылын облыстың тарихи, киелі жерлерінің атауымен атау жоспарлануда. Олар - Шерқала, Айрақты, Бозжыра, Ақеспе және Бесшоқы.

«Облыс әкіміне хат жолдадық. Өңірлік ономастикалық комиссияға өз ұсынысымызды енгіздік. Үкімет Қаулысына сәйкес, елді мекеннің атауын өзгерту кезінде тұрғындардың пікірін ескеру қажет. Енді қазан айының соңында ономастикалық комиссияның отырысы өтеді. Маңғыстау-1, 2, 3, 4 және 5-тің атаулары өзгереді деп үміттенеміз», - деп атап өтті Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов.

Айта кетейік, Мұнайлы ауданында тек сандардан тұратын көшелер бар. Оларды да таяу уақытта өзгерту көзделген.

 

Соңғы жаңалықтар