Маңғыстау облысынан әскерге аттанған егіздер бір бөлімде қызмет етеді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысынан мерзімді қызметін өтеуге шақырылған 40 бозбала Ақтөбе гарнизонының әскери бөлімінде қызмет ететін болады. Осыған орай Ақтау қаласының Жеңіс саябағында жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті.

Әскерге шақырылушыларды «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы запастағы полковник Нұрлыбай Қонақбаев құттықтап, ақжол тіледі.

Бір қызығы, әскерге шақырылған жастардың арасында Саясат пен Саяхат атты егіз бала бар. Туғалы бері бірге келе жатқан ағайынды Сұлтанмұраттар мектепке де бірге барып, грек-рим күресімен бірге айналысты. «Болашақ» Каспий өңірі колледжін «ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша үздік бітірген. Биылғы күзде әскерге де бір командамен шақырылған олар медициналық комиссиядан, психологиялық зерттеуден өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылды.

Мерзімді қызметін өтеуге бар ынта-жігерімен келген олар әскери бөлімде де бір-біріне серік болатынына сенімді.

– Сендер кішкентай күндеріңнен кез келген жұмысты бірге атқаруға дағдыландыңдар. Енді, міне, әскерге де бірге аттанып барасыңдар. Отан алдындағы борыштарыңды адал атқарыңдар. Сапарларың сәтті болсын! – деді балалардың әкесі Қадырғали Мәдиев.

Ол сондай-ақ барлық әскерге шақырылушылардың алдағы қызметіне табыс тіледі.



Соңғы жаңалықтар