Маңғыстау облысына бір жылда 30 мыңнан астам адам көшіп барған

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысына 2022 жылы 30 мыңнан астам адам көшіп барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр өңірге қоныс аударғандардың ресми саны – 32 462 адам. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,9% жоғары. Онымен бір мезгілде өткен жылы Маңғыстау облысынан 29 892 адам көшіп кеткен, оның 9521-і Ақтау қаласынан, 7951-і Мұнайлы ауданынан, 5384-і Жаңаөзен қаласынан.

«Көшіп келгендердің басым бөлігі Ақтау қаласына қоныстанған. Шаһарда 3391 адамға өсім болған. Жалпы көші-қон ағыны облыстың үш ауданында Бейнеу, Қарақия, Маңғыстауда байқалды», - дейді Статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева.

Елден тыс көші-қон бойынша облыстың негізгі миграциялық алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүрген. ТМД елдерінен көшіп келгендердің үлесі 96,3% болса, кеткендер 90,5% құраған. Олар Ресей, Түркіменстан және Өзбекстан елдері.

Маңғыстау облысына 2022 жылы ТМД және басқа елдерден тұрақты тұруға 3391 адам келген, оның ішінде ТМД елдерінен – 3266 адам, өзге мемлекеттерден – 125 адам.


Соңғы жаңалықтар