Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы туу мен табиғи өсім көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда. Өткен жылы өңірде 23 229 сәби дүниеге келді. Ал биыл жыл басынан бері 5200 әйел босанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Епенова мәлім етті.

- Облыс бойынша 8 акушерлік стационарда көмек көрсетіледі. Оның біреуі облыстық перинаталдық орталығы - үшінші деңгейлі көмек көрсету орны. Жаңаөзен мен Ақтау қалалық перзентханасы - екінші деңгейлі көмек көрсету орны. Сондай-ақ 5 акушерлік стационар бар. Олар Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу ауданы мен Жетібай ауылында орналасқан. Санавиациямен 20 нәрестені республикалық медициналық көмек көрсету орталықтарына жібердік, - дейді Жапырақ Епенова.

Спикердің айтуынша өңірде кадр тапшылығы бар. Облыс 85 пайыз акушер гинекологтармен, 84 пайыз реаниматологтармен, 65 пайыз дәрігер-неанатологтармен, 100 пайыз орта буын қызметкерлерімен қамтылған.

-Біздің облыстық перинаталдық орталықта да неонатальды ота, яғни жас сәбилердің ішкі құрылысына ота жасалады. Мәселен, 2021 жылы 21 балаға көмек көрсетілді. Биылдың өзінде 2 ота жасалып, сәтті аяқталды. 2020 жылдың ақпан айынан бастап Маңғыстау облысында медициналық жетістіктердің бірі - инвазивтік диагностика. Бұл - өте күрделі диагностикалық зерттеу. Мәселен, баланың қағанақ суы алып, зерттеледі. Ол сирек кездесетін ауруларға күмән болған жағдайда немесе хромосомдық патологияға күмән болған жағдайда тексеріледі. Биыл 2022 жылы пилоттық жоба бойынша зерттеу басталды. 3 ай ішінде біз 2 баланың анализін молекуларлық медицина орталығына жібердік, - деді Жапырақ Епенова.

Соңғы жаңалықтар