Маңғыстау облысы мектептерінің асханаларына жоспардан тыс 36 тексеріс жүргізілді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы мектептерінің асханаларына жоспардан тыс 36 тексеріс жүргізілді. Бұған ата-аналар шағымы негіз болған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президентінің шағын кәсіпкерлікке мораторий жариялағанына байланысты қазіргі таңда мектеп асханаларын тексеруге болмайды. Дегенмен, ата-аналар тарапынан адамның денсаулығына зиян/қатер төнеді деген нақты фактілерді (фото, видео) көрсете отырып шағым жасалған жағдайда тексеріс жүргізіліп, жауапты тұлғалардың ісі заңмен қаралады. 8 айдың ішінде ерекше тәртіппен – 82, жоспардан тыс 36 тексеріс жүргізілді», - деді Асылбек Шаров қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.

Айтуынша, тексерулер нәтижесінде 41 айыппұл салынып, 94 ұйғарым берілді.

Спикер білім беру мекемелерінің асханаларында фаст-фуд өнімдерін сатуға, ыстық тұздықтар мен дәмдеуіштерді, кетчуптерді, йодталған тұз бен минералдармен байытылмаған жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдалануға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, күн сайын таңертең жаңа тағам дайындау керектігін жеткізді.

Айта кетсек, облыс бойынша жаңа оқу жылында 161 мектептің оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етіле бастады.

Айта кетсек, 21 қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелерін бақылауға арналған «Балаға лайық» акциясының екінші кезеңін бастады.

«Балаға лайықтың» бірінші кезеңі акцияның тиімділігін көрсетті. Алғашқы мониторинг нәтижесінде 1 мыңнан астам хабарлама түсті. Жергілікті атқарушы органдарға жазғы демалыс кезінде барлық кемшілікті жою тапсырылды», - деді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Сондай-ақ, оқу-ағарту министрі мектеп асханаларына қатысты төрт проблеманы атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар