Маңғыстау ауданының орталығы ауызсу зардабын тартып келеді - Г. Сейітмағанбетова

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылы әлі күнге ауызсу зардабын тартып келеді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған Гүлнар Сейітмағанбетова осы мәселені көтеріп, ол бойынша тиісті қаражатты 2011 жылғы бюджеттен толық қарастыруды сұрады.

«Сайлаушылармен жүздесу барысында Маңғыстау облысы Шетпе ауылының тұрғындары тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі, ондағы проблемалар көтерілген болатын. Бүгінгі таңда аталған ауылда жыл сайын халық саны, жаңа тұрғын үй көлемінің өсуіне, жаңа әлеуметтік нысандардың көптеп бой көтеруіне байланысты тұрмыстық және өндірістік мақсатта пайдаланылатын ауызсуға сұранысы арта түсуде. Оны қолданыстағы су жүйесі қамтамасыз ете алмай келеді», деді депутат.

Г. Сейітмағанбетованың айтуынша, қазір ауылдың басым бөлігі суды тасып ішіп отыр. Бұның өзі жаздағы 45-50 градустық ыстықта мүлдем қиындай түседі. «Ауылдағы резервуар көлемі қазіргі тұрғындар санына есептелмегендіктен, халықты ауыз сумен толық қамти алмай отыр. Облыста мәселені шешу мақсатымен бағдарлама аясында арнайы құбыр жобаларының құрылысы әзірленіп, іске аса бастаған. 2010-2012 жылдар аралығын қамтитын нысан 1 млрд. 890 млн. теңгеге бағаланған. Биыл біршамасы игерілгенімен, жобаны аяқтау үшін әлі де қыруар қаражат қажет. Сондықтан да, осы мақсаттағы қаржы 2011 жылғы бюджеттен толық қарастырылса игі», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар