Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мемлекет меншігіне қашан беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Аxметжан Есімов «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясын мемлекеттік меншікке беру шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясын мемлекет меншігіне беру жөніндегі жұмыс тобын құру үшін бастама көтердік. Энергетика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Сіздің (ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин - авт.) тиісті өкіміңіздің жобасын қарастырып жатыр. Жұмыс тобын құруды, сондай-ақ, МАЭК-ты (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты - авт.) мемлекеттік меншікке беру бойынша қаулы жобасын мемлекеттік органдармен келісуді тездету қажет деп санаймыз», - деді А.Есімов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетейік, Ахметжан Есімов қордың шетелдегі активтерін бұғаттау мәселесін де көтерді.

«Өкінішке қарай, активтерге тыйым салуына байланысты шетелдік юрисдикциялардағы сот процестеріне қорды ұдайы тарту практикасы белең алып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылы Стати талаптары бойынша қорға тиесілі құны 5 миллиард АҚШ долларынан асатын Қашаған акцияларына шектеу қойылды. Ал 2018 жылы Ақтау Петролдың республикаға қойған талаптары бойынша қорға тиесілі құны 38 миллион АҚШ долларын құрайтын Түркиядағы Шекербанк акцияларына бұғау салынды. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Қордың активтеріне бұғаттау қаупі жалпы біздің активтеріміздің инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай жағымсыз әсер етуде», - дейді А.Есімов.

Осыған байланысты қор басшысы арнайы меxанизмді тездетіп енгізуді ұсынды. Соның арқасында қордың активтерін қорғауға болады.

«Бұны мен тек Роман Васильевичке (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі - авт.) ғана емес, басқа да жігіттер осы мәселенің біз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсылап түсінсін дегенім ғой. Осыған байланысты біз әділет және қаржы министрліктерінен Қазақстан Республикасына қарсы шығарылған xалықаралық процестер бойынша шешімдерді орындау меxанизмін әзірлеуді ұсынған едік. Ондай меxанизм болса, ол арқылы ұлттық қордың, квазимемлекеттік сектордың активтерін бұғаттаудан қорғануға болады», - деп атап көрсетті А.Есімов.

Фото: www.aktau-business.com

Соңғы жаңалықтар