«Маңғыстау-Ақтөбе» пойызындағы өрттен зардап шеккендердің бірі қайтыс болды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тиелген вагонында болған өрттен зардап шеккендердің бірі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсия Шонтыбаеваның айтуынша, денесінің 80 пайызын күйік шалған 42 жастағы ер адам кеше ауруханада қайтыс болған.

«Оның жағдайы өте ауыр болғандықтан, санавиациямен Ақтауға алып кетуге жарамады. Сондықтан ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қалдырылды. Дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Дегенмен ауыр жарақаты салдарынан кеше көз жұмды», - деді ол.

Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалған зардап шегушілер яғни 4 адам медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Денесінің 40 пайызын күйік шалған ер адам мен оның 11 жасар ұлы Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылған.

«Ер адамның жағдайы ауыр. Ол өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылды. Ал, денесінің 50 пайызы жарақаттанған баланың беті бері қарады. Аздап сөйлейді. Есін біледі», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Қайғылы оқиғадан кейін Бейнеу аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде болған тағы екі науқас санавиациямен облыстық травматологиялық бөлімшеге ауыстырылды.

«Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланған. Осы аптада 23 немесе 24 желтоқсанда оларды үйлеріне жіберу жоспарлануда», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, 14 желтоқсан күні таңғы сағат 04.30-да Маңғыстау облысының Бейнеу ауданының аумағында № 109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызына тіркелген жүк вагоны өртенді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жүк вагонында газ баллоны жарылған. Салдарынан 5 адамды күйік шалды – екі жолсерік, бір инкассатор, бір Қазпошта қызметкері және он жасар бала. Олардың барлығы жүк вагонында болды.

«Баланың жүк вагонында қайдан жүргенін біз айта алмаймыз, бұл сұрақты «Қазақстан темір жолы» компаниясына қоюы керек. Біз өз тарапымыздан баланың болғанын растаймыз, Қазпошта қызметкері 10 жасар баласын өзімен бірге алып жүрген. Барлығы түрлі дәреже күйік алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жатқызылды», - деген болатын ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.


Соңғы жаңалықтар