Мәңгілік елге «нұрлы жолмен» мемлекеттік тіл арқылы ғана жетеміз - М.Сабыр, филолог-ғалым, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ елінің тәуелсіз ел болып, әлемдік ортадан ойып орын алғанына биыл 23 жыл. 23 жыл бозбала жас емес, солқылдаған қайыңдай жігіт жасы. Ерлік жасар, тау қопарар жас. Алдына толған арман, мақсат-мүдде қойып, тәуекелге бел буып, қиындықтардан тайсалмай күресетін шақ. Буыны қатқан мезгіл. Осындай елді ұлы жолға, жеңістерге бастаушы Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда батысқазақстандық белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, 2012 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері Мұрат Сабыр халықаралық «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісімен Елбасы, мемлекет, тіл төңірегіндегі толғақты ойларымен былайша бөлісті.

- Елбасы туралы айтар сөз қашанда көп. Қазақ ұлтының рухани көсеміне айналған Н.Ә.Назарбаев сияқты тұлға, қазақ халқының тарихи тамырынан өсіп-жетіліп қалыптасты. Ел үшін туған, сол елдің мұңы мен зарын, арманын тал бесіктен бойына сіңірген, ұлт тілінде тәрбиеленген адам ғана шын мәнінде елдің көсемі бола алады. Ал қазақ тілінде сөйлей алмайтын, бірақ қазақтың сойылын соғатын, кісімсіп жүргендерге қандай лауазымда отырса да сенуге болмайды. Елбасы - қазақ поэзиясымен сусындап өскен, сондықтан да ұлтқа жақын, ұлттың өзіне айналған тұлға. Елбасының әр жылғы Жолдауы - тарихи құнды дүниелер. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауы - алдағы жылдарға белгіленген экономикалық-саяси стратегия. Елбасы көкейінен туындаған Мәңгілік ел идеясының тамыры - тереңде. Сонау VІІІ ғасырда Тоныкөк бабамыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Ал мәңгілік ел болу үшін мемлекетшіл сана қажет. Бұл қасиетті сана біздің тарихи жадымызда көне түркі заманынан қалған. Күлтегін ескерткішінде «Төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен»,-деп жазылған киелі сөздер қашанда жадымызда. Сондықтан да Елбасы өз Жолдауында « Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы!» ,-деді. Осы бір жолдарға үңілсек, терең тұжырымдарға бойлаймыз. Мәселен, «Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау». Ал ұлы мұра бабалардан қалған ауыз әдебиеті, оның ішіндегі толып жатқан жанрлар, атап айтсақ, ертегілер, аңыздар, лиро-эпостар. Бұл - ұлттық мәдениет, өнер. Ұрпақ тәрбиелеудің рухани көзі. Ұлттық алтын тамыр. Сол мұраны атадан балаға жеткізген - қазақ тілі. Алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев:

Елдік, ерлік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр, жойды бәрін, не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың, - деп еді.

Тарихтан тағылым алсақ, нұрлы жолға түскен жолаушының бағыт-бағдар ұстар темірқазығы, нұрлы жұлдызы - қазақ тілі, мемлекеттік тіл болмақ.

Президенттің ана тілінде сөз сөйлеу шешендігі мен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін асқақтатудағы еңбегі ерекше. Әр қазақ Елбасындай ана тілін құрметтесе, ана тілін жетік білсе, мемлекеттік тілдің түйткілді мәселелері әлдеқашан шешілер ме еді. «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі тіл, бірі ділің жүректегі», - деп ХІ ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағүн айтқандай, Қазақстан халқының тірегі де, достық, ынтымақтастықтың өзегі де - мемлекеттік тіл. Сөз анасы да, іс анасы да -мемлекеттік тіл. Президент Н.Ә.Назарбаев « Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш жігерімізді жұмсауға тиіспіз»,- деп атап көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұрынғы Жолдауында мемлекеттік тілді меңгеру тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі екенін айтқан еді. 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін, ал 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу міндетін қойды. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады.

- Мұрат Бөкенбайұлы, ендеше, мемлекеттік тілді дамытуда біздің алдымызда қандай мақсат-міндеттер тұр, елдік деңгейде нендей жұмыстарды атқару керек деп ойлайсыз?

- ХХ ғасырдың басында «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл», -деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзінің маңызы зор. Кеңес үкіметі тұсында қағажу көрген қазақ тілі еліміз егемендік алуымен бірге еңсесін тіктеді. Тарихтың қатпарлы жолдарынан өткен қазақ ұлты ХХ ғасыр соңында Қазақстан мемлекетінің негізін құраушы титулды этнос болып, өз шаңырағын көтерді. Пейілі кең қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңдерде көптеген ұлт өкілдерін бауырына тартқан еді. Соңғы жүз жылдықта Қазақстан саяси-әлеуметтік жағдайлардың себебімен көп этносты елге айналды. Қазақстанды мекендеген көптеген ұлт өкілдері Елбасының сарабдал саясатын қолдап, тәуелсіз Қазақстанның даму, өркендеу жолында бірлесе еңбек етуде. Осы тұста мемлекеттік тіл ғылым, білім тілі, бизнес тілі, сыртқы қарым-қатынастар тілі ретінде өркендеуі керек. Ондай қызмет атқаруға қазақ тілінің байлығы да, құдіреті де жетеді. Кезінде ұлы орыс ғалымы С.Е.Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл - қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты», - деп тегін айтпаса керек-ті.

Мемлекеттік тілдің тағдыры -біздің тағдырымыз. Біз өз тағдырымызға немкетті қарай алмаймыз. Мемлекеттік тіл - біздің елдік намысымыз, елдік санамыздың шыңы. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдырына қазақ ұлты ғана емес, Қазақстанды елім, жұртым деп мекендеп жатқан басқа да этностар мен диаспоралар бірдей жауапты.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны бәрімізге мәлім. Бірақ 10 жыл деп арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Алдымызда асқаралы міндеттер тұр. Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. «Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда», - деп атап көрсетті. Жұрт мақтаған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы неден көрінеді. Әрине, бұл ұйымның мемлекеттік тілге деген көзқарасынан көрінеді. Олай болса, Қазақстан халқы Ассамблеясы бірінші кезекте мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынастар тіліне айналуына, екіншіден, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдануына бастамашы болуы керек.

Елбасы тіл туралы «Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі - тіл», «Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі өмірімізде ұлтты тұтастырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс», - деген сөздері өте маңызды. Қазақ тілі, беріден толғансақ, ұлтты тұтастандырады, әріден болжасақ, түркі әлемін, тамыры бір түркі жұртын тұтастандырады. Бүгінде түркі әлемінің көшбасшысы болып отырған Н.Назарбаев ұлы идеяларды тудырушы, түркішілдікке дем беруші десе де болады. Әрине, түркішілдікке қырын қараған кеңестік саясат түркілердің бір тектестігін мойындаған жоқ, тіпті оларды алшақтатуға күш салды. Профессор Алтай Тайжановтың айтуынша, «Түркі тектес халықтардың этногенетикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани біртұтастығын мойындау, түптеп келгенде, Еуразия құрлығындағы мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы мәдениетті мойындау болар еді».

Еліміз тәуелсіздік алғалы, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясаты негізінде түркілік тұтастық ұрпақтар санасында жаңғырды деп айтуға толық негіз бар. Елбасы да «Түркі өркениеті, оның мәңгі өшпестей болып, мың жарым жылға жуық уақыт бұрын Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары жалпы адамзат өркениетінің үлкен қазынасы болып отырғаны бүгін баршаға мәлім», - деп атап көрсетті. Жаһанданудан қорғанудың басты амалы - түркілік тұтастыққа қол жеткізу, түркілік өркенииетті әлемге паш ету. Қазіргі қазақ елінің алдында тұрған үлкен мәселе латын жазуына өтіп, одан әрі түркі жұртына ортақ әліпбиге қол жеткізу. Бұл бағытта жоспарлы жұмыс істеп жатқан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек «Түркі тілдес халықтардың арасындағы сөйлеу, жазу ерекшеліктерін ескеріп, 40 дыбыс жинадық. Дегенмен, ұқсас дыбыстарды әлі де жақындатып, меніңше, ортақ әліпбиді 30 әріптен асырмағанымыз жөн», - дейді. Бүгінгі таңда ғылыми топ латын жазуына негізделген қазақ әліпбиін құрастырып, соның негізінде ортақ әліпбиге көшуді қолдап отыр. Әрине, бұл бастама өте дұрыс. 150 миллиондай түркі тектес ұлттар бір әліпбиге өтсе, сөз жоқ, түркі әлемінің ықпалдасуына алғышарт жасалады. ХХ ғасырдың басында бір-бірін еш қиындықсыз түсінген түркілер, саясат салқынынан ажырап, бір-бірін түсінбейтін халге жеткені шындық. Ал жазу ортақ болса, түбі бір түркілер бірінің жазғанын бірі оқи алатын болады. Дегенмен, қиындықтар жоқ емес. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігі әдеби тіл ретінде қалыптасқан, өзіндік грамматикалық заңдылықтары мен дыбыс жүйесі бар. Мәселен, қазақ тілінің қ дыбысын, башқұрт тілінің тіс арасынан шығатын шуыл з дыбысын да басқалар айта алмайды, ал сахалардың қатаң дыбыстары өзгеше бір әлем. Сондықтан ортақ әліпби қабылдауда барлық түркі халықтарының дыбыстық ерекшеліктері ескеріліп, ғалымдар ортақ бір мәмілеге келуі қажет-ақ.

- Түркі елдерімен жиі араласып, барып-келіп, бұл тақырыпты зерттеп жүрген ғалым ретінде осынау пікіріңіз орынды. Тіл - аса күрделі сала. Тағы қандай өзекті мәселеге назар аударар едіңіз?

- Иә, өзім де соған келе жатыр едім. Тағы бір көкейкесті жайт - ортақ терминологияға қол жеткізу. Ортақ терминология тек тіл білімі саласында ғана емес, барлық ғылым саласында да қажет. Кеңестер заманында түркі халықтары бір-бірінен еш термин алған емес, барлық термин саясаты орталықтың, Мәскеудің ұсынысы бойынша жүзеге асты. Кеңестер одағы құрамындағы түркі тектес елдер терминологиясының 90 пайызы орыс тілі ғылымы негізінде екені анық. Терминология саясаттың құралы болды. Тіпті 1990 жылдарға дейін қазақ тілі білімінде терминология бойынша бірде-бір диссертация қорғалған емес. Біздің халықаралық термин деп иемденіп жүрген атауларымыз халықаралық термин емес екенін тәуелсіздік жылдарында түсіне бастадық. Соңғы жиырма жылда мемлекеттік терминология комиссиясы 8530 терминді бекітті, оның 8036-сы қазақ тілінің қорында бұрыннан бар атаулар немесе жаңадан жасалды, ал 194-і халықаралық терминдер екен. Термин жасауда түркі тектес ұлттар ортақ қағидаттарға сүйену керек. Термин жасауда ұлттық тілдің ауқымы тарлық жасап жатса, түркілер бір-бірінен іздегені дұрыс. Себебі ортақ түбір, ортақ түсінік ежелден түркілерде бар. Ортақ терминологиялық жүйе - түркі әлемі ықпалдастығының басты кепілі.

Енді бір маңызды мәселе - түркі халықтарына ортақ тіл қажеттілігі. Әрине, сонау орта ғасырларда түркілер ортақ тілде сөйлегені анық. Атақты поляк ғалымы А.Зайончковский «ХІІІ ғасырларда бүкіл түркі халықтарына ортақ бір тұтас ортатүркі тілі қалыптасты», - дейді. Әрине, бұл ортатүркі тілінде әр түрлі диалектілік ерекшеліктер болғаны анық. Кейінгі ғасырларда түркі тілдері өзіндік дыбыстық белгілерін алып, дараланып, ұлт тілі ретінде қалыптаса бастаған. Дегенмен, тарихқа, бір тұтас орта түркі тіліне айналып келу мүмкін емес. Ортақ тілге қол жеткізу үшін әлемде талай жобалар жасалды. Жасанды эсперанто, идо, ориенталь тілдері ұсынылды. Жасанды тілдер бәрібір дами қойған жоқ. Қазір әлемде ортақ тіл, ұлтаралық тіл, халықаралық тіл ретінде ағылшын тілінің орны ерекше. Белгілі өзбек ғалымы, философия ғылымдарының докторы, профессор Бахтияр Каримов «барлық түркілердің тілі -ортатүрік тілі» идеясын ұсынып жүр. Математикалық лингвистикаға сүйеніп, 5000 сөз жинасақ, ортатүркі тілін жасай аламыз, дейді ғалым. Мәселен, «сөйлеу» деген ұғымды беретін сөйле сөзі көпшілік түркі тіліне ортақ. Егер де синонимдік қатар жасап, жиілік ретімен түзсек, сөйле, сөзле, сойлэш, де, айт, гапир, болып кете береді, әзірбайжан тілінде данышмак, түрік тілінде конушмак. Соңында осы сөздердің ең көп тараған нұсқаларын таңдап алуға болады.

Жалпы, Бахтияр Каримовтың идеясы түркітануда қолдау тауып отыр. Ортатүрік тілінің жасанды тіл емес, түркілердің сөздік қорынан бастау алатыны ұтымды. Дегенмен, бұл өте үлкен жоба. Бұны жүзеге асыру үшін үлкен ғылыми институт жұмыс жасау керек. Ортатүркі тілі еш бір ұлттық тілге көлеңкесін түсірмейді, түркі халықтарының ұлтаралық, ортақ тілі болмақ.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің артуы тек қазақ елінің ғана емес, күллі түркі жұртының абыройы. Түптеп келгенде, «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» сапарындағы нұрлы жол мұраты - мемлекеттік тіл. Тілі бар, өзіндік сөзі бар, саяси үні бар, жаһандану тұсында жұтылып кетпейтін мендік даты бар ел ғана мәңгі жасайды.

Соңғы жаңалықтар