«Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болмақ - жобаны әзірлеуші

None
None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойлы жылының құрметіне Астана қаласының көрікті жерлері кезекті бірегей нысанмен толығады. «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы ел Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен ел егемендігіне және оның бас қаласы - Астанаға арнап бой көтерген алғашқы архитектуралық құрылыс емес. Ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауыстырылуының құрметіне «Бәйтерек» монументі салынды. Бүгінде монумент - Астананың символына және басты көрікті жеріне айналды.

2009 жылы еліміздің ұлттық мақтанышына айналған - «Қазақ елі» тарихи-мемориалдық кешені бой түзеді. 16 желтоқсан күні ашылуы жоспарланған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы да тәуелсіз жас мемлекет пен оның жаңа астанасының жетістіктерінің нышаны болмақ. Зор салтанат қақпасының нобайлық жобасын әзірлеумен елорданың үздік сәулетшілері айналысты. Ақырында ғимарат Елбасының көңілінен шыққан - Астананың бас дизайнері Сағындық Жанболатов пен жас сәулетші Қанат Қорғанов ұсынған жоба бойынша салынды. «ҚазАқпарат» оқырмандарының назарына «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының дизайнерлерінің бірі - С.Жанболатовпен болған сұхбатты ұсынамыз.

- Cағындық Смайылұлы, әлем елдерінде салтанат қақпалары әу баста - әскерлердің ұлы жеңістеріне арнап орнатылды. Қазір мұндай қақпалар бірнеше елде бар. Салтанат қақпасының Қазақстанда орнатылуының мәні қандай?

арка- Тариқха көз жүгіртер болсақ, алғашқы салтанат қақпалары Ежелгі Римде пайда болды. Олар соғыстан оралған жеңімпаздарды елге салтанатпен кіргізу рәсіміне арнап салынды. Ең алғаш тұрғызылған салтанат қақпасы біздің заманымызға дейін 81-інші жылы Иерусалимді алған күннің құрметіне Тит императорына арналды. Бұл үрдісті кейін басқа императорлар жалғастырды және олардың барлығында алғашқы қақпаның сыртқы дизайны сақталды. Бірақ 18-19 ғасырларда дәстүрлер өзгерді, бұрынғыдай қан майдан соғыстар бітті, салтанат қақпаларын орнатудың мәнісі де өзгерді. Мәселен, 1888 жылы Барселонада салтанат қақпасы осында өткен Дүниежүзілік көрменің құрметіне арнап салынды. Одан кейін, АҚШ-тың Миссури штатында президент Джефферсонге арналған салтанат қақпасы пайда болды. Қазір мұндай қақпалар әлемнің әрбір елінде, тіпті бір елдің бірнеше жерінде бар. Яғни жаһандану үрдісі басталғалы мұндай қақпалар экономикалық жеңіске, үлкен халықаралық іс-шараларға, даталарға арнап соғыла бастады.

Қазақстан Тәуелсіздігінің торқалы тойының құрметіне айшықты сәулет нысанын салу идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осы ретте, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болмақ.

Қазақстан бүгінде дамыған елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастық таныған, абыройлы мемлекет. Ал оның ел ордасы Астана - жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер өтетін, маңызды шешімдер қабылданатын, әлемнің спорт, мәдениет, білім және ғылым салаларының өкілдері бас қосатын алаңға айналды. Сондықтан, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы қазақ ұлтының болмысы мен тарихын, жас мемлекеттің аяққа тұруы мен дамуының алғашқы 20 жылда жеткен жетістігін әйгілеу үшін бой көтерді.

- Төл салтанат қақпамызды бұған дейінгілерден ерекшелендіру, оларға ұқсатпау және көшірмесі етпес үшін қандай өзгешеліктерді енгіздіңіздер?

- Салтанат қақпасының дизайнын әзірлеуді Қ.Қорғанов екеуіміз биылғы жылдың басында бастадық. Өздерінің жобаларын оншақты сәулетші ұсынды. Елбасының таңдауы іріктеле келе соңында қалған үш жобаның арасынан біздің ұсынысқа тоқтады. Жобалардың бірінде қақпаның үш тұғыры болды, екіншісі тым биік көрінді. Біз ұсынған салтанат қақпасы классикалық үлгіде. Ол тамаша пропорцияларымен ерекшеленеді, өлшемдері орташа етіп алынды. Сәулеттік конструкцияның 20 метрге тең биіктігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын білдіреді. Бұл биіктікте салтанат қақпасы Орынбор даңғылының басынан-аяғына дейінгі ұзындығында көрініп тұрады.

«Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының сәулеттік жобасына толығырақ тоқталатын болсам, оның барлық төрт жақ бетінде орналастырылған композициялар мен мүсіндердің қисынды түйіні бар.

Салтанат қақпасының Астанаға кіре беріс бетінен көрінісі. Қақпаның сол жағына қазақ ұлтының санасында ертеден қалыптасқан - даналықтың, данышпандықтың, ғұламалықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы - Ақсақалдың мүсіні орын тепті. Оның нағыз қазақтың Ақсақалы екендігін ұлттық киімі көрсетіп тұрады.

Қақпаның оң жақ бетінде, ойшықтың ішіне отбасының ұйытқысы - Әйел-Ананың бедерлі мүсіні қойылды. Себебі, біз Отанға, туған жерге деген махаббат сезімдерімізді білдіру үшін қашан да «Ана» сөзін қолданамыз, яғни «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана -Тілі» деп айтып жатамыз.

Осы аталған әрбір мүсіннің астында қазақтың шежірелі - «Мәңгілік» белгісі бар. Бұл - мемлекеттің мәңгілік екендігін, қақпада көрсетілген композициялардың тақырыптары қазақ жұрты үшін мәңгілік маңызды болатындығын көрсетеді. Онымен бірге, түркі халқы «мәңгілік» белгісі барлық жамандықтан қорғап, жарық, жылу, өмір және жақсылық әкеледі деп сенген.

Әрбір мүсіннің жоғарғы жағында мемлекеттің елтаңбасы орналастырылды. Елтаңба нысанға айбындылық береді және оның мемлекет үшін ерекше маңыздылығын көрсетеді.

Қақпа ойшықтарының таза шығыс емес және таза еуропалық емес үлгідегі жолақтары құрылысқа ұлттық ерекшелік береді. Композицияның жоғары жағында, маңдайшасында «Мәңгілік Ел» жазуы бар. Ал ең жоғарғы бөлігі Көк байрағымызда қолданылған күрделі ою-өрнектермен әсемделді. Осында Туымыздағы күн мен қыран құс бедерленді. Күн - күн мен энергияның көзі. Символикалар тілінде бүркіт мүсіні мемлекеттік билікті, кеңдік пен көрегендікті білдіреді. Ұлтымыздың түсінігінде қыран құс қашан да бостандықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке, болашаққа деген ұмтылушылықтың нышаны болып келді.

Қақпаның төрт бұрышында діңгектер бар, бұл оның классикалық үлгісін көрсетеді.

арка Салтанат қақпасына қаладан шыға беріс жағынан қарайтын болсақ, оның сол жақ бөлігінде Көшпелі жауынгердің, ал оң жағында қазіргі қазақстандық әскери қызметкердің сұлбалары орналастырылды.

Көне жауынгердің мүсіні қазақ батырларының ерліктері мен қайсарлығын көрсетеді, ал оның стилистикалық кейпі Аңырақай шайқасы кезеңіне сәйкес келеді. Қазіргі жас сарбаздың мүсіні берік қорғанышы бар мемлекеттің болашаққа үмтылысын білдіреді. Жалпы, аталмыш мүсіндер тобы мемлекетті қорғау - қазақ ұлтының мәңгілікке басты және қасиетті құндылығы болып қала беретіндігін көрсету мақсатын тұтады. Бұл мүсіндер жеңістер мен жетістіктердің ескерткіші ретінде қабылданатын - Салтанат қақпаларының әу-баста салына бастаған идеологиялық тұжырымдарына сәйкес келеді.

Бүйір беттерінде сондай-ақ, ойшықтар бар. Оның бір жақ бетінде түркі халқы үшін ауызбіршілік, қонақжайлық пен молшылықтың мағынасы бар - «Тай қазан» мүсінінің бір бөлігі, екінші жақ бетінде екінші бөлігі орналастырылды. Тайқазанның үстінде «Елім менің аңсаған, баба үмітін ақтаған» және «Бірлік, ынтымақ - баянды болашақ» жазулары болады.

Бүйір қабырғалар сондай-ақ, күрделі ою-өрнектермен безендірілді. Жоғарғы бөліктің ортасында қазақ жауынгерлерінің қорғаны «Қалқан» бедерленді. «Қалқан» ықылым заманнан бері қауіптен қорғанушылық, беріктік, табандылық пен жеңісті білдірді. Қалқанмен үйге оралу жеңістің белгісі болды.

Ал қақпаның астыңғы бөлігіне тоқталатын болсам, оның екі жағында да әрқайсынының көлемі 5,2х3,5 мерт болатын бедерлі композициялар орналастырылды. Олардың бірінің сюжетінің желісі қазақ халқының «Сақ» - «Түркі» - «Қыпшақ» - «Қазақ» тарихи даму кезеңдерінен көрініс береді. Басты тақырып ретінде - «Ұлы көш» көшпенділер өркениеті алынды.

Екінші композиция ұлттың негізгі байлығы - Тәуелсіздікке арналды. Мұнда Қазақстанның Тәуелсіздігін жария еткен алғашқы ресми құжат - Егемендік туралы декларация көрсетілді. Осындағы «Ақорда», «Бәйтерек» нысандары қазіргі кезеңдегі Тәуелсіздігіміздің мағынасын аша түседі. Осында сондай-ақ, емен-жарқын көңілдегі халық пен Елбасының бейнесі орналастырылды. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының алғашқы бабынан алынған «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» үзіндісі - композицияның идеологиялық түйінін жасайды.

Салтанат қақпасын орнатқан әр ел оны өзінің тарихымен ұштастырып, өз үлгілері бойынша жасады. Біз де ескерткішті таза өзіміздің нақышта жасауға тырыстық. Ол бұған дейінгілердің ешбіріне ұқсамайды. Әзірше мүсіндер орнатылған жоқ, бірақ нысанның өзі дайын.

- Мұндай әсемдікті тұрғызуға қыруар қаражат кеткен болар?

- Біз тек жобалаушылармыз, қаражат жағын Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы айта алады. Бірақ нақты айта алатыным, қақпаны салуға көп шығын кеткен жоқ. Себебі, ескерткіш темір бетоннан құйылды, сырты гранит жән мәрмәр тастармен қапталды. Композициялар қоладан құйылды. Бұлар сапасы жоғары материалдар болғандықтан, ескерткіш әлі талай жылдар бойы халықтың көзайымы болады.

- Салтанат қақпасы неліктен Астананың ортасына, адам көп шоғырланатын жерге емес, сырт жаққа орналастырылды?

- Қақпа орнатылуы тиіс жерлерге қатысты толғаныстар көп болды. Оны медициналық кластер бойынша нысандар салынып жатқан төңірекке қою ұсынысы да болды. Мемлекет басшысының соңғы шешімі бойынша Салтанат қақпасы қалаға кіреберіс жерде, Орынбор даңғылы мен 25-інші көшенің қиылысына орналасты. Мұнда саябақтар мен Астанаға кіретін басты магистральді жол орналасқан. Дәстүр бойынша салтанат қақпалары қалаға кіретін үлкен жолдың бойына салынған. Оның мәні мен идеологиясын өзгертпеу мақсатында Астананың Салтанат қақпасы Орынбор даңғылының ортасынан орын тепті.

Қазір даңғылдың айналасында бірнеше ғимарат қана бар. Алдағы уақытта даңғылдың екі жағына тұрғын үйлер, әлеуметтік, бизнес нысандары, ойын-сауық кешендері бой түзейді. «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы қазақи нақышта жасалғандықтан, осы ғимараттардың барлығының архитектуралық нобайларында ұлттық символдар қолданылатын болады. Және олардың биіктігі Салтанат қақпасынан аспайды. Қонақтар қалаға кіреберістен бастап ұлттық болмысымызға қанығатын болады.

арка Көп ұзамай-ақ Салтанат қақпасы Астананың ең көрікті жерлерінің біріне айналады. Оның айналасындағы үлкен алаңға ірі концерттерді ұйымдастырып тұруға болады. Архитектуралық құрылыстың салтанатты ашылуы болатын күні алаңға 20 мыңға жуық адам жиналады деп күтілуде.

- Келушілердің нысанға келіп-кетуі қалай жүзеге асырылады? «Бәйтерек» монументінде сияқты қызметкерлердің жеке штаты болады ма?

- Нысанның сәулеттік құндылығы жоғары болғандықтан, оған кіру жолдары ерекше етіп жасалды. Автокөлік жолдары Салтанат қақпасының екі жақ бөлігін айнала өтеді. Сондықтан ғимаратқа кіру жолдары жер астымен жасалды. Жер асты жолдар қақпаның екі жағындағы саябақтарда орналастырылды. Осы жолдар арқылы келушілер Қақпаның үстіне - көрініс алаңына көтеріле алады - мүгедектер лифтімен, ал қозғалу мүмкіндігінде шектеуі жоқ жандар саты арқылы. Болмаса осы жер асты жолымен қақпаның айналасындағы алаңға шығып, серуендей алады. Қауіпсіздік мақсатында алаңның шеті айналдыра темір шыңжырмен қоршалды.

Жер асты өтпелі жолдың аумағы өте үлкен. Онда күзет және қызмет көрсетуші персоналдың бөлмелері болады. Дүкендер орналастыруға болатын орындар да бар. Бұны және қызметкерлердің жеке штатын жасау мәселесін қала әкімшілігі шешеді. Қақпаның көрініс алаңына демалу үшін орындықтар қойылды. Мұнда да мұражай не басқа да рухани-мәдени азық беретін өзге нысандарды орналастыруға жер жетерлік. Бұл да болашақ шешімдердің еншісінде.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар