Мәңгілік ел - мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық идея - Т.Рысқалиев, философия ғылымдарының докторы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мың жарым жылдан кейін «Мәңгілік ел» идеясын жаңғыртып, жария етті. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын екенін атап өтті.

«Бұл, - деді Президент - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама». Елбасының жиі-жиі қайталап, айтып келе жатқан сөзі: «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз». Және өзі жылдар бойы шындықпен санасудың, тарихтың тағылымын ескерудің үлгілерін көрсетіп келеді. Елбасының күрделі батыл идеялары тарих тәжірибесін топшылаудан туған. Осы жайында батысқазақстандық белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Тілекжан Рысқалиев өз ой-толғамымен былайша бөлісті.

Ғалымның пайымдауынша, «Ұлттық идея», «Қазақ идеясы» дегендер - философияға қатысты мәселелер. Өйткені мұнда дүниедегі нақты нәрсе туралы емес, болашақта болуы мүмкін, болуға тиісті халықтың көкейкесті арманы туралы сөз болып отыр. Философия бар нәрсемен шектелмейді, болашақ, болуы мүмкін нәрсе туралы пайымдайды, соның идеалдық образын жасайды.

Ұлттық идея, мәселен, орыс идеясы туралы бұрын да, қазір де орыс оқымыстылары көп айтып, көп жазып жүр. Алғаш бұл идеяны көтерген П.Чаадаев болатын. Оны Пушкин, Достоевский қостады. Н.Бердяевтің әйгілі шығармасы «Русская идея» деп аталады. Бәрінің де мақсаты халықты біріктіру, бір мақсаттың төңірегіне жұмылдыру еді.

Адам үшін қолайлы, өз үйіндей болатын, адамға бақыт әперетін қоғам жөнінде Августин (ол оны «Құдай қаласы» деп атады), әл-Фараби («Қайырымды қала»), Кампанелла («Күн қаласы») пайымдады. Бұл арада «қала» деген сөздің мағынасы мемлекет дегенді білдіреді. Осы қатарда Маркстің коммунистік идеясын да атауға болады.

Қазақ топырағына келетін болсақ, әріден бастап, «Күлтегін» жырын, Бумын (Момын) қағанды еске түсіруге болады. Мәңгілік ел идеясын алғаш ұсынған сол еді. Өзіміздің бабамыз Туұлы Бумын тасқа қашап тұрып, «Мингу ел» -«Мәңгі ел» деп жазып кеткен. Талай жыл өздеріне үстемдік жүргізіп келген Жыужан мемлекетін құлатып, өз елінің негізін қалаған құрама жұртты өзі шыққан тайпаның атымен атамай, барша жұрттың ортақ тегін ескеріп, өздерін «біз түрік халқымыз» (түрк будынымыз) деп жалғанға жария еткен.

Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы тағы бір данамыз Асан қайғының осы тектес идеясымен де астасып жатыр. Бұл - «Жерұйық» идеясы. Бұл да - өте терең, ғажап идея. Халқының болашағын ойлап, қам жеген ойшыл қазақтың кең даласын шарлап, адамға да, малға да жайлы, жұмақ болар жерді іздейді. Сол жерде қазақ халқының жаңа ордасын құруды мақсат етеді.Өзі де соған атсалысады. Ондай жерді жау алмайды, малға жұт келмейді. Шөбі шүйгін, суы мол жер. Ол елде жұрттың бәрі тең, бәрі шат-шадыман тірлік кешеді. Ел аласы, ру таласы болмайды.

Елбасы Жолдауында ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын Асан қайғы армандаған «Жерұйық» идеясының жалғасы деп қарастыруымызға болады. Болашақ Қазақстан, дамыған 30 елдің қатарына кіретін Қазақстан, шынында да, қазақ халқы үшін, бүкіл қазақстандықтар үшін Жерұйық болады деп айта аламыз.

Елбасының еліміздің астанасын қиыр шеттегі Алматыдан қазақ жерінің қақ ортасы - Ақмолаға көшіріп, мұнда дүние жүзін тәнті қылған жаңа Астананы тұрғызуы, әлемді таңғалдырған «Қазақстан - 2030», «Қазақстан - 2050» стратегиялық жоспарларын бірінен соң бірін ұсынып, бірте-бірте жүзеге асырып жатқаны, көп ұлтты, көп дінді Қазақстанды мақсаты бір, мүддесі бір, болашағы бір ұйысқан халыққа айналдыруы оның көрегендігін, кемеңгерлігін паш ететін тарихи құбылыстар болды.

Сөйтіп, Қазақстан халқының, дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлттық идеясы анықталды. Ол - Мәңгілік ел идеясы. Сол Жолдауда сонымен бірге Қазақстанды Мәңгілік елге айналдырудың жолдары, түрлі иірімдері мен тетіктері, кезеңдері нақты көрсетілді.

«Мәңгілік ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы», - деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып, орын алатын тәуелсіз мемлекет құру еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Осы армандар ақиқатқа айнала бастады. Мәңгілік елдің іргетасы қаланды.

Ендігі жердегі Қазақстан дамуының басты мақсаты - ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл - аса биік, амбициялы, астамшыл мақсат. Бірақ оны енді ешкім утопия деп айта алмайды. Біз аз уақыттың ішінде талай утопияларды шындыққа айналдырдық.

Күні кеше, бұдан 20 жыл бұрын бізде ұлттың экономикасы да, қазіргідей қалыпты мемлекет те, заңдастырылған шекара да болмап еді. Қазір бұлардың бәрі бар. Қазақстан қазір көшбасшы ұлттармен тең дәрежеде өмір сүріп отыр. Біз өзімізді оларға мойындаттық. Бізбен олар санасатын болды.

Адам да, қоғам да әрдайым алдына биік мақсат қоюы керек. Қазақ айтады: «Қиындыққа мойыма, ұмтыл-дағы іспен жең. Мақсатсыз жан өмірде қанаты жоқ құспен тең» деп.

-Тілекжан Хасенұлы, сіздің айтуыңызша, сонымен, Мәңгілік ел дамыған ел болуы тиіс. Ендеше, дамыған елдің кескін-келбеті қандай? - деген сауалға не айтар едіңіз?

-Қазіргі дамыған 30-дан астам ел әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын өндіріп отыр. Олар жан-жақты жаңғыру жолынан өткен. Олар инвестицияның, еңбек өнімділігінің, шағын және орта бизнесті дамытудың ең жоғары көрсеткішіне ие болды. Олар өзін-өзі қамтамасыз етеді және өз алдына өмір сүре алады. Дамыған елдерде халықтың басым бөлігін орта тап құрайды. Бұл елдерде халықтың мүлде жаңа өмір сапасы пайда болған. Олар - адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдер. Оларда бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі орнаған.

Дамыған елдер бұл деңгейге еңбекқорлықпен, ұқыптылықпен, үнемшілдікпен, ұйымшылдықпен, ғылымды, жаңа техника мен технологияны ұтымды пайдалану арқылы қол жеткізген.

Біз жаңа жолға, нарықтық, капиталистік қатынастар жолына түстік. Жеке меншіктің дәмін тата бастадық. Бірақ капитализм деген өте күрделі, қайшылықты, қатыгез, аяушылықты білмейтін қатал қоғам. Біз, көпшілігіміз мұның мәнін әлі түсініп болған жоқпыз. Арамызда аз уақыттың ішінде әр түрлі амал-айламен, ұрлық-зорлықпен байып кеткендер бар. Кейбіреулер, әсіресе, жастар жағы капитализм деген осы екен деп соларға еліктейді. Жаман үлгі жұққыш келеді. Қаншама отбасы, ата-ана жаман жолға түсіп шаталған, мерт болған балалары үшін қасірет шегіп жатыр.

Нарық заңы - қажырлы еңбектің, қоғамдық өндірістің, тиімділіктің, кәсіпкерліктің, біліктіліктің үстемдік құратын кезі. Ұрлықпен, зорлықпен, алдап-арбаумен байыған капиталистік елдерді тарих білмейді. Керісінше, еңбек арқылы, еңбек өнімділігі, сапалы қызмет арқылы АҚШ та, Жапония да, Қытай да, Германия да алға шыққан.

Капитализм дегеніміз - жалпыға ортақ еңбек қоғамы.

Талай-талай сөз болған, қарапайым қағидаға айналған еңбек мәселесі бізде сөйтіп, күрделі мәселеге айналып шыға келді. Бізде жұмыссыздар жоқ деуге болады. Елбасы, Үкімет жұмыссыздықты жоюға қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Бізге басқа жақтан жұмыс іздеп келіп жатқан гастарбайтерлер жетеді. Жұмыс бар бізде. Бірақ жұмыстан қашатындар, еңбекке немқұрайлы қарайтындар көп.

Еңбек ісі жолға қойылмаса, алда тұрған биік мақсаттарға қалай жетеміз? Қайтіп, біз дамыған елдер қатарына қосыламыз?

Осыны ой елегінен өткізген Елбасы бұдан үш жыл бұрын өзінің терең мазмұнды «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген тұғырнамалық мақаласын жариялады. Елдің, халықтың, әрбір азаматтың назарын еңбек мәселесіне аударды. «Инфантилизм деген індет бар, - деді ол. - Азаматтың елге, отбасына, ата-анасына масыл болуы - қасірет, қорлық. Өзін-өзі алып жүре алмау, өзін, отбасын асырай алмау - адам үшін барып тұрған бақытсыздық.Әлемнің әміршісі - еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек».

-Иә, еңбектене білгенге не жетсін. Осы орайда «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаевтың жырлағанындай, жастарға артылар үміт көп. Студент жастарға дәріс беретін тәжірибелі ұстаз ретінде осыған не алып-қосар едіңіз?

-Алдымен «Нарықтық жағдайда Аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім түсінуі тиіс», деген Елбасының тағы бір сөзін келтіре кетейін. Шындығында мемлекеттің міндеті - азаматтарының оқуына, білім алуына, маман болуына, еңбек етуіне қажетті жағдайлар жасау. Бұл жағынан қазақстандық жастардың үкіметке кінә тағар жайы жоқ. Тек оқы, ізден, талпын, еңбектен.

Бір кезде Ахмет Байтұрсынов айтқан еді: «Біз білімді болуымыз керек, біз бай болуымыз керек, біз күшті болуымыз керек»,әйтпесе қатарға қосыла алмаймыз. «Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіппен айналысу керек, мықты болу үшін бірлік керек». Бізге жаңаша, креативті ойлайтын жастар керек. «Бола- шақ» бағдарламасымен оқып, елге оралған жастарға үміт артамыз. Өзіміз отбасы болып, мектеп, әр түрлі оқу орындары болып елін, жерін сүйетін, «қалай еткенде, Отаныма қолғабыс етемін» дейтін көзі ашық, рухы ояу, патриот жастарды тәрбиелеуіміз керек. Болашақ - осы жастардікі, Қазақстанды дамыған елдің дәрежесіне жеткізетін, Мәңгілік елге айналдыратын осы жастар.

«Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Президентіміз әдеттегідей жастарға зор сенім артып отыр. «Мен жастар - біздің болашағымыздың тірегі дегенді әр кез айтып келемін, - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. - Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! « Нұрлы жол», - міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы».

Мен студенттеріме айтып жүрмін: әр заманның үлгі тұтар өз кейіпкерлері болады, бүгінгі тәуел-сіз Қазақстанның бетке ұстар кейіпкерлері сіздерсіз деп. Он-он бес жылда араларыңнан суырылып, ісі оңға басқан кәсіпкерлер, бизнесмендер, атағы шыққан ғалымдар, ел билейтін тұлғалар шығады деп. Тек ынта, жігер, талап, тынбай іздену, еңбектену керек.

Дамыған елдерге тән ерекшелік - халқының, азаматтарының рухы ояу, асқақ болады. Олар өздерін ешкімнен кем санамайды. Олар басқаны сыйлайды, басқалармен санасады, басқалардан үйренеді, сонымен бірге өзіне де сенеді, өзін де мақтан тұтады. Дамыған елдің адамы - нағыз патриот: өз елін, өз жерін, Отанын сүйеді, өз тілін, дәстүрін, әдебиетін, тарихын біледі, қадір тұтады.

Елбасы қазақстандық патриотизм туралы, әрбір азаматтың патриоттық сезімін ояту, қалыптастыру туралы тектен-тек айтып жүрген жоқ. Патриотизм біздер үшін - қуатты күш, қосымша инвестиция. Оның негізінде рух, намыс жатыр.

Еліміздің әлемдік саясатқа араласуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, көшбасшыларын Астанада жинап, Саммит өткізуіміз, Мәңгілік ел боламыз деп талпынып жатқанымыз, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағдарламасы, алда ЭКСПО-ны өткізетініміз - осының бәрі халықтың, әр азаматтың, патриоттық сезімін оятуға бағытталған шаралар.

Мұнымен де іс бітпейді. Бізге өз өнеркәсібімізді, өз ғылымымыз бен технологиямызды, өз тауарларымызды өндіруіміз керек. Бізге ешкім жаңа технологиясын бермейді. Әйтпесе, үстіміздегі киім-кешек, алдымыздағы тамақ, астымыздағы көлік бәрі дерлік шетелдікі. Шетелдің киносын, музыкасын көріп, тыңдап, мәз болып жүрміз. Интернетте де шетелдік бағдарламалар.

Өзім дегенде, өгіздей қара күшім бар» дейді қазақ. Патриотизм - өзімшіл көзқарас. Мұнда тұрған ағаттық жоқ. Өзіміздікін түзеу, жетілдіру үшін біз, сөз жоқ, шетелдікімен танысамыз, игереміз. Бірақ өзіміздікімен салыстыру үшін, өзіміздікіне бейімдеу үшін.

Қытайда шетелден алынған ілімдер, сөздер, мәдени құндылықтар жоқтың қасы. Бірен-саран болса да, өздерінікімен үйлескен, өздерінікіне ұқсаған. Бір кезде онда буддизмді қабылдады. Бірақ Қытайдағы буддизм (чань буддизм) үндіден келген буддизм емес, қытайлық болып кеткен, қытай дәстүріне бейімделген буддизм. Қытай Кеңес одағының ықпалымен марксизмді де қабылдаған болды. Бірақ Қытайдағы марксизм де өздерінше болып шықты. Егер де Маркс тірі болып, оған марксизм осы деп Қытайдағы марксизмді ұсынса, Маркс айтар еді: «Менің білетінім, мынау: мен марксист емеспін». Қытай жаңалықтардан қашпайды, жаңалықтарды пайдаланады, бірақ олар Қытайдағы тәртіпке, қалыптасқанқұрылымға қайшы келмейтіндей болып өзгертіледі.

Қазіргі ел аузындағы Мәңгілік ел, Нұрлы жол деген тіркестер бейнелі түрде кездейсоқ айтыла салған сөз емес.

Бұл - қазақтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың таяу жылдардағы бетке ұстар идеясы, өмірлік нысанасы.

Мәңгілік ел - мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық идея.

Мәңгілік ел - Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан философиялық идея.

Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, кешегі өткен Алаш арыстары қазақ елін қайырымды қоғамға, Жерұйыққа, Мәңгілік елге айналдыруды арман еткен, сол үшін күрескен, қан төккен, еңбек еткен.

Бұдан 23 жыл бұрын Тәуелсіздікке ие болып, өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсеріп, еліміз - Жаңа Қазақстан аяғынан тік тұрған шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік ел идеясын жандандырды, Мәңгілік ел болудың жолдарын жан-жақты қарастырды. Өткен тарихқа үңілді, болашақты болжады.

Соңғы кездегі Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, халықпен, соның ішінде жастармен - барлық идеяларды іске асыратын жастар ғой - кездесулерінде Президентіміз Мәңгілік ел идеясының мәні мен маңызын жан-жақты тарқатып берді.

Мәңгілік ел идеясының ойдағыдай жүзеге асуы үшін қажетті шарттардың бәрі бізде бар, пайда болды.

Қазақстан халқы, бүкіл қазақстандықтар Елбасының көрегендікпен, даналықпен жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатына зор ризашылықпен қарайды және тегістей құптайды.

Еліміздің бүгінгі даму барысы алға қойған мақсаттар мен міндеттердің іске асатынына халықтың үміті мен сенімін туғызады.

Бірақ тәуелсіздік өздігінен баянды болмайды. Елбасы атап айтқандай, «Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу қиын».

Мәңгілік ел өздігінен пайда болмайды.

Бәрінің де кепілі - Елбасы сөзімен айтсақ, «Жалпыға ортақ еңбек».

Соңғы жаңалықтар