Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасына жаңа жаттықтырушы келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасына жаңа жаттықтырушы келді. Ол – Ресейдің екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Сергей Воронов. Бұл туралы «Denis Ten Memorial Challenge 2021» халықаралық турнирінің ашылуы алдында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат турнирдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осы турнирден қазақстандық мәнерлеп сырғанау спортының жаңа кезеңі басталады. Спорттық додаға түрлі өңірден балалар келді. Жетістіктер – болашақта қандай да бір жетістікке қол жеткізуі мүмкін дарынды спортшыларды анықтаудан басталады. Біз бұқаралық спортты дамыту жолында көп еңбектенуіміз керек. Бұл тарихи сәт – енді мәнерлеп сырғанаушыларымызды мықты спортшылардың бірі, Денистің досы Сергей Воронов дайындайды. Ұсынысты қабылдағаны үшін оған шын жүректен алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Denis Ten Foundation директоры, Қазақстанның конькимен сырғанаушылары ұлттық федерациясының вице-президенті Оксана Тен.

«Мен үшін Қазақстанда жұмыс істеу – үлкен абырой. Бұл – үлкен жауапкершілік, осында болғаныма ризамын», - деп атап өтті С.Воронов.

Жеке мәнерлеп сырғанауда өнер көрсететін Сергей Воронов – 2014 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2014/2015 жылдарғы Гран-при маусымы ақтық сайысының қола медаль иесі, 2015 жылғы командалық әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Ресейдің екі дүркін чемпионы (2008, 2009). 2017 жылы NHK Trophy Гран-при сериясы жарысының жеңімпазы атанған. 2014 жылы Финляндия Олжасы «Челленджер» жарыс топтамасының және Непела мемориалының (2016) жеңімпазы. Өз мансабын бір жыл бұрын аяқтаған.

Еске сала кетсек, мәнерлеп сырғанаудан «Denis Ten Memorial Challenge» (ISU) Халықаралық турнирі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде 2021 жылдың 28-31 қазан күндері аралығында өтеді.


Соңғы жаңалықтар