Мәнерлеп сырғанау: Элизабет Тұрсынбаева Мәскеу турнирінде үздік алтылыққа ілікті

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде мәнерлеп сырғанаудан мәреге жеткен Гран-при турнирінде қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева үздік алтылыққа ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Элизабет еркін бағдарламада күштілер тобында айдынға екінші болып шықты. Өнер көрсету барысында бір мәрте құлап қалған Э.Тұрсынбаева еркін бағдарламада 118,27, қос сайыс қорытындысында 180,45 балл жинады.

Қазақстандық спортшыдан кейін шыққан Олимпиада чемпионы, ресейлік Алина Загитова да сәл-пәл қателік жіберді. Дегенмен ол 142,17, жалпы есепте 222,95 балмен чемпиондық атақты жеңіп алды.

А.Загитовадан кейін өнер көрсеткен тағы бір ресейлік, 16 жасар Софья Самодурова да еш саспай, жинақылық танытты. Ол 130,61, қорытындыда 198,01 балмен күміс жүлдеге ие болды

Ал қысқа бағдарламадан кейін үшінші орында келе жатқан швейцариялық Алексия Паганини (182,50 балл) жүлдеден тыс қалды. Ол еркін бағдарламада жақсы өнер көрсетіп, қорытындыда 185,67 балл жинаған оңтүстіккореялық Лим Ын Суды алға жіберіп алды.

Сол секілді Э.Тұрсынбаева да бесінші орынға көтерілген жапониялық Юна Шираивадан (180,93) сәл-пәл қалып қойды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 18 жасар Э.Тұрсынбаеваның Мәскеудегі Гран-при кезеңінде қысқа бағдарламадан кейін төртінші орында келе жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар