«Манчестер Сити» шабуылшысы Ағылшын лигасында рекорд орнатты

None
ФОТО: GETTY IMAGES
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Манчестер Сити» шабуылшысы, норвегиялық Эрлинг Холанд Ағылшын премьер-лигасында рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-лиганың 33-турында «Манчестер Сити» өз алаңында басты қарсыласы, чемпиондықтан үміткер Лондонның «Арсеналын» қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Матчтың нүктесін 95-минутта Э.Холанд қойды. Бұл оның Англия чемпионатында осы маусымдағы 33-інші голы еді.

Сөйтіп ол «Ливерпуль» шабуылшысы, мысырлық Мохамед Салахтың 2017-2018 жылғы маусымдағы рекордтық көрсеткішінен (32) асып түсті.

Англия лигасының абсолюттік рекорды (34 гол) Энди Коул («Ньюкасл», 1993-1994) және Алан Ширерге («Блэкберн», 1994-1995) тиесілі.

Алайда бұл көрсеткішке олар 42 матчтық маусымда (қазір Англия чемпионаты 38 турдан тұрады) қол жеткізген еді.

Э.Холанд биылғы мергендер көшін бастап келеді. «Тоттенхэм» шабуылшысы Гарри Кейннің еншісінде 24 доп бар.

Норвегиялық шабуылшы осы маусымда «Манчестер Сити» сапында барлық жарыста 43 ойында 49 гол соғып, 8 нәтижелі пас берді.

Англия премьер-лигасында «Арсенал» 33 матчтан кейін 75 ұпай жинап, әзірге көш басында тұр. Әйтсе де екінші орындағы «Манчестер Сити» (73 ұпай) екі матчты кем өткізді.

Өзара бәсекеде «Арсеналды» жеңгеннен кейін Хосеп Гвардиола шәкірттерінің чемпиондыққа деген мүмкіндігі арта түсті.

Сонымен қатар «Манчестер Сити» Чемпиондар лигасын жеңіп алудан да үмітті.

Ағылшын клубы жартылай финалда 9-ыншы және 17 мамырда Мадридтің «Реалымен» шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын аргентиналық шабуылшының мадридтік «Реалдың» қақпасына төрт гол соққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Жетісу» футбол клубының бас бапкері ауысты.


Соңғы жаңалықтар