«Манчестер Сити» 2 маусымға еурокубок ойындарынан шеттетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) «Манчестер Ситиді» екі маусымға еурокубоктарға қатысудан шектеді. Санкция алдағы 2020/21 маусымынан күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат УЕФА сайтына сілтеме жасап.

УЕФА клубтарының Қаржылық бақылау органының тәуелсіз Сот палатасы барлық дәлелдерді зерделей келе, «Манчестер Сити» футбол клубы лицензиялау ережелерін өрескел бұзғанын және 2012 және 2016 жылдарғы есептерінде демеушілік табыстарын асыра көрсеткенін анықтаған.

Осыған орай, Сот палатасы ағылшын клубын УЕФА-ның 2020/21 және 2021/22 жылдарғы екі маусымынан шеттетуді ұйғарды. Сондай-ақ 30 млн еуро айыппұл салды.

Атап өтілгендей, «Манчестер Сити» бұл шешімге қатысты шағыммен Спорттық төрелік сотына жүгінуге құқылы.

Айта кетейік, ағылшын клубы 2019/20-Чемпиондар лигасының 1/8 кезеңінде «Реалмен» кездесетін болады. Өткен маусымда Хосеп Гвардиоланың командасы ¼ финалына дейін жетіп, екі ойынның қорытындысымен «Тоттенхэмге» жол берді.


Соңғы жаңалықтар