Мамырда талантты жастарға арналған спорттық бағдарламалаудан Қазақстан чемпионаты басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мамыр айында жас таланттарға жол ашатын және елдің IT-қауымдастығын нығайтуға бағытталған спорттық бағдарламалаудан бірінші Қазақстан чемпионаты басталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қаңтарда «Digital Nomads» қауымдастығының Мемлекет басшысы алдында жарияланған бастамаларын іске асыру аясында Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылды. Министр дерегінше, бұл елімізде аталған саланы қарқынды дамыту мен қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, ол қазақстандық бағдарламашылардың әлемдік аренада танылуына мүмкіндік береді.

«Мамыр айының басында спорттық бағдарламалаудан жас таланттарға жол ашатын және елдің IT-қауымдастығын нығайтуға көмектесетін бірінші Қазақстан чемпионаты басталады. Ол қазақстандық және халықаралық компаниялардың назарын аударатын ауқымды және қызықты іс-шара болмақ. Спорттық бағдарламалаудан Қазақстан чемпионатының бірінші туры 7 мамырда онлайн форматта өтеді. Чемпионатқа еліміздің ең үздік бағдарламашыларының арасында өз күшін сынағысы келетін 14 жастан асқан кез келген адам қатыса алады», - деп жазды Бағдат Мусин өзінің Тelegram-арнасында.

Оның айтуынша, спорттық бағдарламалауды қолдау және Қазақстан чемпионатын өткізу елдің технологиялық дамуын ынталандыру мен жас IT-мамандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Чемпионатқа қатысты барлық мәліметті мына сілтеме бойынша өтіп, көруге болады.


Соңғы жаңалықтар