Мамыр айында іскерлік белсенділік индексі біршама төмендеді – Ұлттық банк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мамырда іскерлік белсенділік индексі 49,0 (сәуірде – 49,5) болып, біршама төмендеді. Алайда, экономика геосаяси жағдайдың және онымен байланысты салдардың ықпалында болған наурыздағы деңгейден (48,2) индекс жоғары қалыптасты.

ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іскерлік белсенділіктің өсуі өндіріс секторында байқалды: индекс 50,9-ға дейін көтерілді (сәуірде – 50,5). Қызмет көрсету секторында және тау-кен өндіру өнеркәсібінде іскерлік белсенділік, тиісінше, 48,8-ге және 48,3-ке дейін төмендеді. Құрылыста индекс 44,6-дан 46,2-ге дейін көтерілді.

Барлық секторда жеткізілім мерзімдері ұзарғаны байқалады, құрылыста жұмыспен қамту жағдайы аздап жақсарды, бірақ тапсырыс көлемі төмен деңгейде қалып отыр.

2022 жылғы мамырда кәсіпорындардың ағымдағы бизнес-жағдайларды бағалауы өзгеріссіз қалды. Теріс өзгерістерді атап өткен респонденттер саны бұрынғысынша басым.

Алайда, кәсіпорындардың болашақ бизнес-жағдайларына қатысты сенімі айтарлықтай жақсарды (келешек жағдайларды бағалау биылғы сәуірдегі 7,3-тен 22,5-ке дейін ұлғайды).

«Нәтижесінде ағымдағы және болашақ бизнес-жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі бизнесті жүргізудің болашақ жағдайларына қатысты, әсіресе, құрылыс саласындағы кәсіпорындарда оптимизмді жақсарту есебінен 9,2 (сәуірде – 2,2) құрап, айтарлықтай жақсарды»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар