МӘМС жүйесінің тәртібін түсіндіретін жаңа байланыс орталығы іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тәртібін түсіндіруге арналған 1406 байланыс орталығын іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«МӘМС жүйесі бойынша халықпен кері байланыс қазіргі таңда үш бағыт бойынша жолға қойылған: біріншісі – көпшілікке жүйе 1414 байланыс орталығы арқылы (Азаматтарға арналған Үкімет) түсіндіріледі. Аталмыш байланыс орталығына 2018 жылы 40 мың қоңырау келіп түскен. Біздің қор тұрақты түрде сұрақтарға берілген жауаптардың базасын жаңартып, операторларды оқытып келеді. Дәл қазіргі уақытта қоңыраулардың саны едәуір азайып кетті. Бірақ, МӘМС жүйесінің күшіне енетін мерзімі тақап қалғаннан кейін алдағы уақытта қоңыраулардың саны қайта артатынын болжап отырмыз», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов елордада өткен жиында.

Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 1 желтоқсаннан бастап жеке 1406 байланыс орталығын іске қосуды жоспарлауда.

«Ол байланыс орталығында қордың тікелей мамандары мен сарапшылары жүйенің мән-жайын түсіндіреді. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мәселелері бойынша қызықтырған сұрақтардың барлығын осы нөмірден ала аласыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан біршама уақыт бұрын Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің қыр-сырын халыққа терең түсіндіруді тапсырған болатын.

«Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Сақтандыруды тиімді түрде енгізу үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылады. Осыған байланысты біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігіне осы жобаны іске қосуды, барлық медициналық ұйымдарды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл тәжірибені барлық өңірлерге тарату және келесі жылдан бастап медициналық сақтандыру толық іске қосылған кезде ескеру қажет. Екіншіден, барлық өңірлерді әкімдеріне қазан айына дейін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамыз», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.


Соңғы жаңалықтар