МӘМС жүйесіне жарна төлеудің жаңа тетігі іске қосылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна құюдың жаңа әдісі іске қосылды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«МӘМС жүйесіне тіркелмегендер жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек пен ауру-сырқаудың алдын алу және медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатада түседі. Осы ретте енгізілген жаңа жарна төлеу механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Биыл 5 қыркүйектен бастап МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Ендігіде қатысушы алдын ала бір жылға жарна төлей алады. Бұл мүмкіндікті МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе тұрақты төлемей келген барлық клиент пайдалана алады», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM палтформасында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін МӘМС жүйесіне тіркелмеген немесе жарнаны тұрақты төлемей келген қатысушылар алдын ала 1 жылдық жарнаны төлеп, жүйеде «сақтандырылған» мәртебесін ала алатын.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен барлық жарна аударымдары сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес Ұлттық банкте сақталады. Ол медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Яғни халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана қор жеткізушілерге төлем жүргізеді», - дейді ол.

Филиал басшысының мәліметінше, қазір елорда тұрғындарының 82,6% МӘМС жүйесінің қатысушысы. Нақты айтсақ, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында МӘМС қатысушыларының саны – 1 075 618. Жүйеден 227 136 азамат тыс қалып отыр.


Соңғы жаңалықтар