МӘМС жүйесі бойынша шетел азаматтарына қандай көмек көрсетіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шетел азаматтары қалай көмек алады? Бұл туралы медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының сарапшылары түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар және осында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер ҚР азаматтары сияқты медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеуге міндетті. Бұл дегеніміз, жұмыс беруші олардың еңбекақысынан медициналық сақтандыру үшін 1% ұстап қалады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ең төменгі жалақыдан 5% көлемінде өз бетінше жарна төлеуі тиіс, бұл 2125 теңге.

Тұруға ыхтиярхаты бар сақтандырылған шетел азаматтары тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және медициналық сақтандыру пакеті бойынша қызмет алуға құқылы. Сақтандырылмағандар 2020 жылғы 1 сәуірден бастап тек қана тегін медициналық көмектің кепілдік көлемін ала алады.

«Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар зейнеткерлер де дербес төлеушілер ретінде сақтандырылған болу үшін Қорға жарна төлеулері тиіс. Олар жеңілдігі бар санатқа жатпайды. Егер олар сақтандырылмаған болса, онда оларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі ғана қолжетімді болады», - деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Рақышева.

ЕАЭО елдерінен (Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан) келген еңбек мигранттары да медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Бұл ретте олар тиісті медициналық қызметтер пакетіне қол жеткізеді.

Қазақстанда уақытша тұратын ТМД елдерінің азаматтары жарақаттану, улану, жүктілік және босану кезінде жедел жәрдем көмегін пайдалана алады. Олар сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін ауру жұқтырған кезде де көмек алады.

«Егер науқастанған шетел азаматының жағдайы ауыр болса және шұғыл көмек қажет болса, ол оған тегін көрсетіледі. Емделушінің өміріне төніп тұрған қауіп жойылғаннан кейін одан әрі емдеу ақылы негізде жүзеге асырылатын болады», - деп түсіндірді Жанар Рақышева.


Соңғы жаңалықтар