МӘМС: жасанды ұрықтандыру процедурасы еліміздің 19 клиникасында өткізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры экстракорпоралды ұрықтандыру бойынша 7 өңірдегі 19 медициналық ұйыммен шарттар жасасқан. Бұл туралы ҚазАқпарат ӘМСҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

2022 жылы экстракорпоралды ұрықтандырудың 7 мың цикліне 7,4 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан атап өткендей, бұл қызметті МӘМС аясында еліміздегі 19 медициналық ұйым көрсетеді. Олар Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында орналасқан. Ең көбі Алматы қаласында – 6.

Айта кетсек, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Бұл ЭКҰ-ға квоталар санын көбейтуге мүмкіндік берді. Егер 2020 жылы шамамен 1 млрд теңгеге 1 033 ЭКҰ қызметі өткізілсе, 2021 жылда бағдарламаны іске асырудың арқасында олардың саны 7 000 қызметке дейін өсті (қаржыландыру сомасы – 6,7 млрд теңге). Ал, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 5,8 мың ЭКҰ циклі өткізілді.

МӘМС есебінен ЭКҰ-дан қалай өту керек?

1. Пациент МӘМС шеңберінде қосалқы репродуктивтік технологиялар бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымды өзі таңдайды.

2. Осыдан кейін жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) комиссиясының қорытындысын алу үшін тіркелген жері бойынша өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінеді.

3. Учаскелік дәрігер пациентті бедеуліктен зардап шегетін диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне (ДНЭТ) енгізеді.

4. Тиісті тексеруден кейін және 12 ай ішінде бедеуліктің себептері анықталғаннан кейін бейінді маманның қорытындысы негізінде учаскелік дәрігер МӘМС есебінен қосалқы репродуктивтік технологияларды жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереді.

5. Оң шешім қабылданған жағдайда пациент толық құжаттар пакетін қоса бергеннен кейін, келесі қадамдар емдеуге жатқызу бюросы порталында жүргізіледі. Пациентке қызметтерді алудың басталу күні мен уақыты хабарланады.

6. Бедеулікті емдеуде ҚРТ технологияларын пайдалана отырып қызмет көрсеткен медициналық ұйымдар деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.


Соңғы жаңалықтар