МӘМС: СҚО тұрғындарының 17 пайызы сақтандырылмаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Солтүстік Қазақстан облысынан 5,5 млрд теңге қаражат түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жылды қорытындылады.

Мамандардың айтуынша, 1 желтоқсанға дейінгі жағдай бойынша медициналық сақтандыру жүйесіне облыс халқының 82,9% немесе 452 109 адам тартылған. Ал 93 мыңға жуық тұрғын (17,1%) әлі сақтандырылмаған. Яғни олар медициналық көмекті толық көлемде ала алмайды.

«Пациент сақтандырылмаған болса да, ол мемлекеттің кепілдік берген тегін медициналық көмегін ала алады. Оған учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана және стационарлар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, инфекциялық ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу кіреді. Бұл кепілдендірілген пакетке кіреді және сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлығына көрсетіледі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бөлімінің басшысы Қарлығаш Ілиясова.

Жалпы биыл қорға жұмыс істейтін азаматтардан, жеке кәсіпкерлерден және дербес төлеушілерден - 233 708 адамнан 5,5 млр теңге жарна түскен. Олардың 13 мыңнан астамы – жалдамалы жұмысшылар, олардан қорға төлем тұрақты түспейді, сол себепті «сақтандырылған» мәртебесінен айырылулары мүмкін.

«СҚО-да 284 653 адамға жеңілдік жасалған. Бұл барлық тұрғындардың 52%. Олар - балалар, студенттер, көпбалалы аналар, жүкті әйелдер және жұмыссыздар. Оның ішінде 46,4% балалар, 36,5% зейнеткерлер құрайды», - дейді Қарлығаш Ілиясова.


Соңғы жаңалықтар