МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – сарапшы пікірі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істемейді. Мұндай пікірді экономист Арман Бейсембаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде қандай да жақсы іс қолға алынса, онда ол міндетті түрде шенеуніктердің жемсауытына айналады. Өкінішке орай, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) де соның кебін киіп отыр. Коронавирус толқыны жүріп өткен 2020 жылы да, өткен жылы да «жалақыдан аударым жасаймыз, бірақ өз қаражатымызға неге емделеміз» деген сұрақ ашық қойылды. Сөйтсек, көпшілік бұл сақтандыруға кірмейді де екен. Онда оның бізге қажеті қанша? Бұл сын МӘМС жүйесі құрылған алғашқы күннен бері айтылып келеді», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, Медициналық сақтандыру қорын таратып, барлық өкілетін жекеменшік сақтандыру компанияларына бөліп беру қажет. Ал мемлекет олардың жиналған қаражатты ашық жұмсауына және есеп беріп отыруына бақылау жүргізуі тиіс. Осы ретте сарапшы бастапқы кезеңде қор құрмай-ақ дайын құрылымды пайдаланып, сақтандыру нарығын дамыту дұрыс болар еді деген пікірде.

«Білдей бір қор құру қаншалықты қажет болды? Мұның үстіне медицина қызметкерлерінің өзі алаяқтыққа бара бастады. Ер адамға жатыры төмен түсіп кеткен деген диагноз да қойған жағдай бар. Ал жекеменшік компанияларда мұндай алаяқтық ауқымы үлкен бола қоймас еді. Жүйе ашық болуы үшін төлем жасаушыларға жеке кабинет ашып, жария есеп жүргізуге, сол арқылы ақшасының қалай жұмсалғанына, көрсетілген қызметтерді қадағалауға мүмкіндік беруге болады. Жұмыс берушілер сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасай алады. Осыдан кейін жұмысшы медициналық қызмет алған соң анықтама тапсырып, ал сақтандыру компаниясы шығындарын жабар еді», - деді Арман Бейсембаев.

Айта кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау саласында түйткілді мәселелер көп екеніне назар аударған болатын. Сонымен қатар Президент Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырған еді.



Соңғы жаңалықтар