МӘМС: сақтандырылмаған қазақстандықтарға қандай көмек көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халық арасында медициналық сақтандыру болмаса, тіпті шұғыл қажет кезде де медициналық көмек алу мүмкін емес деген қате пікір бар. Осыған байланысты, «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның филиалындағы мамандар МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған пациенттер өандай көмекке арқа сүйей алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оларға тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде (ТМККК) қарастырылған медициналық қызмет түрлері ұсынылады.


ТМККК кімге тиесілі?


Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көрсетілген медициналық қызет ақысы бюджет қаражатынан төленеді және оларды:

- Қазақстан Республикасының азаматтары;

- қандастар;

- босқындар;

- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) шетелдіктер;

- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) азаматтығы жоқ адамдар ала алады.

Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, пана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде ТМККК аясында медициналық көмек алуға құқылы.


ТМККК аясында қандай медициналық қызмет көрсетіледі?

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:

1. Жедел жәрдем қызметтері, оның ішінде белгілі бір жағдайларда медициналық авиация шақыртылады (яғни шұғыл көмек қажет болған жағдайда пациентке оның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан көрсетілуі тиіс);


2. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтері (МСАК, яғни бұл негізінен сіздің емханаңыздың учаскелік қызмет деңгейінде көрсетілетін негізгі қызметтер), оның ішінде:

1) ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және қадағалау;

2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;

4) иммундау (вакцинация);

5) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;

6) ұрпақ жаңғырту денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар;

7) жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді бақылау;

8) инфекциялық ауру ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.


3. Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек (бұл емхана деңгейінде, оның ішінде есепте тұрғандар үшін және шұғыл жағдайлар туындаған кезде көрсетілетін қызметтер):

1) АИТВ-инфекциясының және туберкулездің алдын алу және диагностикалау;

2) жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын тудыратын аурулар кезіндегі және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық адамдар үшін мобильді бригаданың қызметтері;

3) әлеуметтік маңызды аурулар кезіндегі диагностика және емдеу;

4) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезіндегі диагностика және емдеу.


4. Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек (айтпақшы, бұл коронавируспен ауырған науқастарды үйде емдеуді де қамтиды):

1) әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу кезінде;

2) елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын тудыратын аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, барлығы үшін үйдегі ст

3) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу.


5. Стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек (пациенттердің белгілі бір санаттары үшін ауруханада емдеу):

1) айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қатынаста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия тасымалдаушыларды, вирус тасымалдаушыларды және қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;

2) инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;

3) сақтандырылу мәртебесіне қарамастан адамдарға шұғыл көмек көрсету, оның ішінде тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар өткізу;

4) жоспарлы тәртіпте.

6. Медициналық оңалту:

1) негізгі ауруды емдеуде;

2) туберкулезбен ауыратын науқастар үшін.


7. Паллиативті медициналық көмек;

8. Мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;

9. Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика;

10. Қазақстандықтарды шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емделу үшін шетелдік мамандарды тарту;

11. Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету (Әлеуметтік маңызы бар, созылмалы аурулары бар динамикалық есепте тұрған адамдар үшін қарастырылған. Бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 347 атауы бойынша 49 нозология қамтамасыз етіледі. Тізбе ҚР Денсаулық сақтау министрінің № 75 бұйрығымен бекітілген).

Аталған барлық жағдайларда сақтандырылмаған азаматтар мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде оларға көрсетілетін қажетті көмекке сене алады.

«Егер сізге шұғыл көмек қажет болып, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебеңіз жоқ екенін алға тартып, медициналық көмек көрсетуден бас тартса, дәрігерге пациенттің өз құқықтары туралы мәлімдеп, олардың сақталуын талап ету қажет. Қордың елорда филиалына осы мазмұндас өтініш-шағымдар да жиі түседі. Сондықтан азаматтар өз құқықтарын білсе екен дейміз», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

«МӘМС үшін жарна төлемеген жағдайда, пациенттер бармай-сұрамай тұрып, мен көмек ала алмаймын деп ойлап, тіпті емханаға жүгінбейтін де фактілер бар. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған жағдайлар бойынша медициналық мекеме Сізге тегін көмек көрсетуден бас тартпауы тиіс.

Ал, қажет болған жағдайда жан-жақты тексеруден өтіп, медициналық қызметтерді (бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық зерттеулер, жоспарлы операциялар, соның ішінде қымбат тұратын операциялар, т.б.) кеңінен пайдалану үшін МӘМС жүйесінің қатысушысы болған дұрыс», - деп жазады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.


Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда емхананың анықтама қызметіне немесе Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуға болады. Егер ол жерде шешімін таппаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot секілді өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы хабарласыңыз.


Соңғы жаңалықтар