МӘМС: Қостанай облысының 180 тұрғынына қымбат ота тегін жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – 2020 жылы Қостанай облысының денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 56,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының тұрғындарына медициналық көмек 60 мекемеде көрсетіледі, оның 19-ы – жеке меншік. Биыл өңірдің Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға Covid-19-ға бөлінген қаражатты есептемегенде, 56,5 млрд теңге қарастырылған. МӘМС есебінен 16,8 млрд теңге бағытталды.

«2020 жылы қаржыландыру көлемі скринингтер бойынша 3 есе, жоғары технологиялық медициналық қызметтер санатында 12 есе, медициналық оңалту бойынша 27 есе өсті. КТ және МРТ жүргізуді қаржыландыру өткен жылдан 3,2 есе артық. Қазіргі уақытта Қостанай облысында 6 КТ және 5 МРТ аппараты бар. 2020 жылдың қараша айында Рудный қалалық көпсалалы ауруханасына тағы бір МРТ аппараты және Қостанай облыстық ауруханасына, Арқалық өңірлік ауруханасына, Рудный қалалық көпсалалы ауруханасына және Жітіқара аудандық ауруханасына 4 КТ аппараты сатып алынды.

2020 жылдың 10 айында медициналық ұйымдарға халыққа медициналық қызмет көрсеткені үшін 40 млрд 347 млн теңге төленді. Шығындардың басым бөлігі стационарда мамандандырылған медициналық көмекті қамтамасыз етуге жұмсалды. Жалпы, тәуліктік стационарларда – 45147, күндізгі стационарларда 64620 пациент, ауыл стационарларында 32153 адам ем қабылдады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова.

Қаржыландырудың өсуі халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, қаражаттың көбейгені аймақта буын ауыстыру операциясын жасауға ықпал етті. Жыл басынан бері дәл осындай ота облыстың 180 тұрғынына жасалды. Олапдың бәрі МӘМС жүйесінде тіркелген.

«Тізе немесе жамбас ауыстыру операциясы миллион теңгеден асады, бірақ сақтандырылған пациенттер үшін бұл тегін. 2019 жылы біздің облыста 35 млн теңгеге осындай 37 операция жүргізілді. Биыл 180 адамға тегін ота жасалып отыр. Осы жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске түзетулер енгізілді. Нәтижесінде сақтандырылмаған пациенттерге шұғыл медициналық көмек кепілдендірілген пакетте көрсетілетін болды. Мұны халық түсінбей, жеке емханаларға жүгініп жатады», - деп түйді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар