МӘМС қорына түскен қаржының бестен бір бөлігі Алматыға тиесілі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - МӘМС қорына түскен қаржының бестен бір бөлігі оңтүстік астанаға тиесілі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қор басшысының мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілген сәттен бастап медициналық сақтандыру қорына 655,2 млрд теңге түскен. Сонымен қатар, барлық қаражаттың бестен бір бөлігі Алматыға тиесілі.

«2017 жылдың 1 шілдесінен, 2021 жылдың 31 мамырына дейінгі кезеңде Алматы қаласынан МӘМС-ке түсетін түсімдердің жалпы сомасы 1,9 млн адам үшін 121,7 млрд теңгеден асты», – деді спикер.

Түсімнің негізгі бөлігі немесе 89,7 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің аударымдары, қалған 32 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдардың салымдары.

Сондай-ақ, 2019 жылдың басынан бастап 200 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған алматылық 462,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлемін төледі.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының тұрғындарынан 103 288 өтініш түсті. Оның ішінде 157 алғыс хат, 100 мыңнан астам кеңес бар.

Еске салсақ, медициналық ұйымдар тарапынан құқықтар бұзылған жағдайда науқастар кері байланыс арналары, атап айтқанда Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы мен fms.kz. ресми сайты арқылы Қорға өтініш жібере алады. Барлық өтініштер міндетті түрде қаралады.


Соңғы жаңалықтар