МӘМС: былтыр астаналықтарға 110 млрд теңгенің қызметі көрсетілген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында астаналықтарға 110 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сатып алу жоспары бойынша 2022 жылы елордада медициналық көмек көрсетуге: тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында – 112,1 млрд теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде – 111,6 млрд теңге бөлінген болатын.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша нақты орындалған медициналық қызметтер ТМККК аясында 111,3 млрд теңге, ал МӘМС жүйесі бойынша 110,0 млрд теңге болды», - деді ол.

Сондай-ақ, Нұрлыбек Қабдықапаров МӘМС аясында көрсетілген қызметтерге төленген ақшаның нақты қайда жұмсалғаны туралы мәлімет берді.

«Шығынның басым бөлігі – 48,9 млрд теңгеден астамы стационарларда көрсетілген медициналық көмекке, 5,9 млрд теңге – күндізгі стационарда көрсетілген қызметтерге төленді», - деді филиал директоры.

Оның мәліметі бойынша, былтыр Астана қаласында МӘМС арқылы 2 282 кардиохирургиялық ота жасалып, 12 млрд 749 млн теңге төленген. Ал, 888 нейрохирургиялық отаның құны 3 млрд 359 теңгеге шыққан. ЛОР саласы бойынша жасалған операцияларға 681 млн теңге жұмсалды.

«Сондай-ақ, 2022 жылы Астана қаласында травматологтер жалпы сомасы 449,4 млн теңге болатын 240-тан астам тізе, жамбас буындарын алмастыру оталарын жасады. Стационарларда 2 612 қан-тамыр оталары жасалып, жалпы құны 14 млрд теңге болған. Сонымен қатар, жалпы құны 496,03 млн теңге болатын 98 трансплантация жасалды. Оның ішінде бүйрек-бауыр алмастыру оталары – 91», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.


Соңғы жаңалықтар