МӘМС: БҚО-да 119 мыңға жуық адам сақтандырылмаған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет алатын 118890 адам сақтандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы мәселе бойынша қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдің барлық тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық қызметтің толық пакетін алуы үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында сақтандырылу мәртебесі болмаған жағдайда да, азаматтар тегін медициналық қызметтерді кепілді түрде алуы тиіс және соған құқылы.

Биылғы індет елдің денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Соған байланысты жоспарлар айтарлықтай өзгерді. Емханалар мен ауруханалар қалыпты режимге және халыққа жоспарлы көмек көрсетуге енді ғана оралуда.

«БҚО бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (ММС) шамамен 14,7 млрд теңге аударылды. Экономикалық белсенді емес халық саны 355 мың болса, оларға мемлекет тарапынан 7,8 млрд теңге қаралды. 3,7 млрд жуық теңгені жұмыс берушілер, 2 млрд теңгені жалдамалы жұмыскерлер, 2,7 млн теңгені жеке кәсіпкерлер, 1,4 млн теңгені БЖТ төлеушілер, 980 мың теңгені азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша еңбек ететін жеке тұлғалар, 670 мың теңгені дербес төлеушілер жіберді», деді Н.Жұмағұлова.

Биыл барлығы 150742 адам емделді, бұл өткен жылғыдан (176696) 25954-ке немесе 17,8 пайызға кем.

Карантиндік және провизорлық төсектерді қоса алғанда, 16383 адам ковидтен емделді.

Өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда, жоспарлы емдеуге жатқызудың 37147-ден 82186-ға өскені байқалады.


Соңғы жаңалықтар