МӘМС: Бизнес қызметкерлері сақтандырылғандар тізімінен неліктен шығып қалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов шағын және орта бизнес қызметкерлерінің медициналық көмек алу мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Орталық коммуникациялар орталғында қор басшысы шағын және орта бизнес қызметкерлерінің тізімін жаңартудың неліктен маңызды екенін түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, былтыр пандемия кезінде Үкіметтің шешімімен шағын және орта бизнес субъектілері міндетті төлемдерді, оның ішінде МӘМС жарнасын төлеуден босатылған болатын. Осылайша жүйедегі шағын бизнес қызметкерлерінің көбі тізімнен шығып қалған.

«Қазіргі уақытта жарналарды төлеуден босатылған жұмыс берушілердің шамамен 20% (61 233 ШОБ) өз қызметкерлерінің тізімін жаңартқан жоқ. Осыған байланысты аталған қызметкерлерде сақтандыру мәртебесі жоқ және медициналық көмек алуда мүмкіндіктері шектеулі. Жұмыс берушілерді өз қызметкерлері үшін жауапкершілік танытуға және қордың ақпараттық жүйесіне олардың деректерін енгізуге шақырғым келеді. Қор өз тарапынан шағын және орта бизнес өкілдерімен өңірлер әкімдіктері мен салық органдары арқылы нақты жұмысты жалғастырады», - деп қосты Болат Төкежанов.

Сондай-ақ ол МӘМС жүйесіне 1-тоқсанда 183 млрд теңге түскенін хабарлады.

«Түсімдердің ең көп сомасын мемлекеттің жеңілдік беру жарналары құрады. Оның көлемі 95,4 млрд теңге немесе барлық түсімдердің 52% деген сөз. Осылайша, мемлекет бұрынғысынша халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындап отыр. Өз қызметкерлері үшін жұмыс берушілердің аударымдары жалпы сомада 44,4 млрд теңге (24%), қызметкерлердің өздері төлейтін жарна – 35,2 млрд теңге (19%) болды. Жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін дербес төлеушілер жарналарының үлесі 5% көлемінде», - деді ӘМСҚ төрағасы.

Қор басшысы МӘМС жүйесіне төленетін төлемдердің ең аз сомасы 12 айда 25 500 теңгені (айына 2125 теңге) құрайтынын еске салып өтті, бұл сақтандырылған адамға құны бірнеше миллион теңге тұратын қымбат тексерулер, операциялар, ЭКО қоса алғанда, ТМККК және МӘМС екі пакетіндегі медициналық көмектің ауқымды тізбесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретіні нақты айтылды.


Соңғы жаңалықтар