МӘМС аясындағы көмек 96 жастағы зағип ақсақалдың жанарына жарық сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталар қолжетімді бола бастады. Ал осы МӘМС аясында көз ауруларын емдетуге, күрделі ота жасатуға бола ма? Осы және өзге де сауалдарға Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Әйгерім Серікбайқызы Төлетова жауап берді.

- Бүгінгі таңда офтальмологиялық көмектің барлығы дерлік халыққа МӘМС бойынша, яғни медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі. Түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер жергілікті емханаларда МӘМС аясында қолжетімді. Глаукоманың әр түрлі кезендері, көздің алдыңғы және артқы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта және көз бұршағының орнынан қозғалған жағдайлары, көздің туабіткен ақаулары сияқты тағы да басқа көз ауруларында жоғары технологиялық медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС аясында жоспарлы түрде жасалады.

- Әйгерім Серікбайқызы, МӘМС аясында ота жасатқысы келетін пациенттерге оның жолдарын түсіндіре кетсеңіз: отаға дейінгі дәрігердің консультациясы-кеңесі, анализдер, аппаратта тексеру және басқа қызметтер тегін жасала ма сіздерде?

- Пациент алдымен міндетті түрде жергілікті емханаға барады. Қажетті зерттеулерден өткеннен кейін пациент ауруханаға жатқызу бюросының порталына қойылады. Портал таңдалған ауруханаға түсетін күнді автоматты түрде анықтайды. Пациентке ауруханаға жатқызу талоны және қажетті анализдердің нәтижелері беріледі. Осы құжаттармен талонда анықталған уақытта науқас таңдаған ауруханаға келіп, басқа қосалқы қарсы көрсетілімдер болмаса, ауруханаға жатқызылады. Осы аталған медициналық қызметтердің бәрі тегін жасалады.

- 2020 жылы МӘМС бойынша қанша пациент емделді?

- 2020 жылы тек Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының өзінде МӘМС бойынша шамамен 4000 адам емделді, бәріне толық жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді.

- Медициналық сақтандыру аясында күрделі ота жасалған пациенттің есте қаларлық жағдайынан мысал келтіре аласыз ба?

- Әр пациент ерекше және емдеу әдісі әр пациентке жеке таңдалады. Біз республикалық маңызы бар аурухана болғандықтан күрделі патологиялармен жиі бетпе-бет келеміз. Есте қаларлық жағдайлар да өте көп. Мен сізге соңғы және ең әсерлі жағдайлардың бірін айта кетейін.

96 жастағы ақсақал клиникамызға жүгінді. Екі көзінің жанарының сөнгеніне бірталай жыл болған. Ақсақал «шөберелерімді көре алмай кететін болдым-ау» деп жүр екен. Клиникамызда көзіне ота жасалды. Қарияның жасын ескерсек, ота өте күрделі еді. Емі нәтижелі болып, ақсақалдың жанары жанып, риза болып батасын берді.

- Әйгерім Серікбайқызы, елімізде соқырлық дерті бойынша тіркеуде тұрғандар саны қанша?

- Ресми мәліметтер бойынша, соқырлық дертімен тіркелген тұрғындар саны 56000 болса, оның ішінде 18000-ы балалар. Соқырлықтың басты себептері: глаукома, дегенеративті миопияның асқынулары, гипертониялық және диабеттік ретинопатияның асқынулары.

- Көздің басқа қандай аурулары жиі кездеседі?

- Бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да кең тараған көз аурулары – катаракта, глаукома, рефракция ақаулары (миопия), адам жасына қарай дамитын макулопатия.

- Көзді жылына/айына қанша рет тексертіп тұру қажет? Жалпы көз ауруларының алдын алу үшін қалай күтіну керек? Әр адам күнделікті көзге қандай жаттығулар жасап тұрғаны дұрыс?

- Егер созылмалы аурулар болмаса, көзді жылына бір рет тексеріп тұру жеткілікті. Егер белгіленген диагноз болса тексерулердің жиілігі дәрігердің ұсыныстарына байланысты.

Көз - үлкен ағзаның кішкентай бір бөлігі. Егер жалпы ағзаның денсаулық деңгейі жақсы болса, көзге шағым бола бермейді. Салауатты өмір салтын таңдау, жалпы денсаулықты бақылау, гиподинамиядан аулақ болу, көз гигиенасын сақтау, керек болса дәрігердің ұсыныстарын орындау – көз ауруларының алдын алудың негізгі шарттары осы.

Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, медициналық қызметтердің көлемі мен құны шектелмейді.

Қазіргі уақытта медициналық қызмет екі пакет бойынша көрсетіледі: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.


Соңғы жаңалықтар