МӘМС: Алматы тұрғындарының 82% сақтандырылған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Алматы тұрғындарының 82% сақтандырылған. Яғни олар медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалана алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ал, шұғыл медициналық көмек Қазақстанның барлық тұрғындарына статусына қарамастан көрсетілуі тиіс.

Жаңа жылда сақтандыру жарнасының көлемі өзгерді ме? Жарнаны қалай төлеуге болады? Осы мәселе төңірегінде көпті мазалап жүрген бірқатар сауалдарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының өкілдері жауап берді.

«Жарнаның қомақты бөлігін жеңілдігі бар 15 санат үшін мемлекет төлейді. Бұл тізімде балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылары, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декрет демалысындағылар, мүгедектер мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың күтушілері, студенттер т. б. бар. Сақтандыру жарнасын төлеу міндетінен босатылғандардың жалпы саны 11 млн-ға жетіп жығылады.

Одан кейінгі санат қарамағындағы қызметкерлерін сақтандыруға міндеттелген - жұмыс берушілер. Жарнаны 2017 жылдың шілдесінен бері төлеп келе жатқан бұл санат биылдан бастап жалақының 2% көлемінде жарна аударады. Жарна жұмысшының жалақысынан емес, еңбекақы қорынан аударылуы тиіс. Ал, жұмыскердің жалақысынан биылдан бастап 2% жарна ұсталады»,-деп хабарлады қордағылар.

Жеке кәсіпкерлер өзі үшін жарна төлеуді бұрынғыша жалғастыра береді. Олар төлейтін төлемде өзгеріс жоқ - 1,4 ең төменгі жалақының 5%. Биыл ең төменгі есептік көрсеткіш өзгерген жоқ, ай сайынғы төлем - 2975 тг.

«Өз қызметін тіркемей, басқа жеке және заңды тұлғаларға әр түрлі қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын аталған жеке тұлғалар сақтандыру жүйесіне екі түрлі жолмен қосыла алады: ЕТЖ 5% яғни, 2125 тг төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына қосылуға болады. Немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуші ретінде тіркелуге болады. 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап АЕК 2917 тг болып белгіленді. Жиынтық төлемді қала тұрғындары 1 АЕК көлемінде, ауыл тұрғындары 0,5 АЕК көлемінде (1458 тг) төлейді. Бұл төлемнің өзіндік артықшылықтары бар. Жарнаның 40% - Медициналық сақтандыру қорына, 30% - Бірыңғай жиынтық зейнетақы қорына, 20% - Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылса, 10% - табыс салығы ретінде ұсталады. БЖТ арқылы азамат барлық салықты төлейді әрі болашақта базалық зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді ала алады»,- деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының өкілдері.

Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар төлейтін жарна көлемі биыл табыстың 2% құрайды. Бірақ төленетін соманың шегі 8500 тг (яғни, 10 ЕТЖ 2%) аспауы тиіс.

Еске салайық, 2021 жылы сақтандырылмаған азаматтар алдыңғы 12 айдың қарызын өтеуі тиіс. Толық мәліметті Қордың 1406 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.


Соңғы жаңалықтар