МӘМС: Ақмола облысында 285 мың адамның санаты анықталды
2017 жылғы 15 маусым 19:04

МӘМС: Ақмола облысында 285 мың адамның санаты анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 285 мың адамның санаты анықталды.

Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Отырыста алдымен көктемгі тұқым себу жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның айтуынша, ағымдағы жылы облыс бойынша көпжылдық шөптерді қоса есептегенде егістік алқабы 4,7 миллион гектарды құрады. Оның ішінде 4,3 миллион гектары дәнді дақылдар, 241,5 мың гектары майлы дақылдар, 142,2 мың гектары мал азығы, 18,3 және 4,3 мың гектары картоп пен көкөніс.

«Диқандар агротехникалық шараларды ойдағыдай жүргізуінің арқасында науқанды 18-20 күннің ішінде аяқтап шықты. Маңызды науқанға 15 мың трактор, 18 мың бірлік егіс кешені жұмылдырылды. Оның 1145 өнімділігі жоғары егіс кешендері», - деді Мұрат Балпан өз сөзінде.

Сонымен қатар, отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жүргізілген ақпараттық-түсініктеме жұмыстарының барысы туралы Медициналық қызметтердің ақысын төлеу облыстық департаментінің басшысы Фазыл Копобаев айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, ақпараттық-түсініктеме жұмыстары барысында 400 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 9 мыңға жуық кездесу ұйымдастырылған. Оның ішінде үй-үйді аралап, ақпараттық материалдар таратылды.

«Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтардың санатын анықтау үшін емханаларға тіркеу науқаны қолға алынған болатын.

Бүгінгі күні 285 мың адамның санаты анықталды. Аудан және қала әкімдіктері, мемлекеттік кірістер, әділет, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік еңбек инспекторлары, сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп тұрғындар туралы мәліметтерді жинақтап, жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деп түсіндірді Ф.Копобаев.

Отырысты қорытындылаған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин бұл бағытта халыққа түсіндіру жұмыстарын 100 пайыз қамтуды тапсырды.

Jańalyqtar

MURAǴAT