Мамонт тістерін Қазақстан арқылы Қытайға алып өтпек болған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының мамонт пен мүйізтұмсық тістерін Қытайға контрабандалық жолмен алып өтпек болған айыпталушыға қатысты үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
«Сарапшылардың бағалауынша, олардың салмағы – 5 тонна, ал құны – 1 млрд теңге. Ежелгі алып жануарлардың қалдықтары елімізге Ресей Федерациясы Саха (Якутия) Республикасынан әкелінген. Қазақстанның уәкілетті органына заттарды алып шығуға лицензия берілуі үшін аккредитациядан айырылған ресейлік маманның мәдени құндылығы жоқтығы туралы жалған қорытындысы ұсынылған»

, - делінген мәлімдемеде.

Сот айыпталушыға 4 жарым жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады. Сондай-ақ, тістердің негізгі бөлігі ҚР Ұлттық музейіне, қалғаны заңды иелері - сахалық кәсіпкерлерге берілді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, мамонт тістерін заңсыз жолмен алып өтпек болған ресейлік өткен жылғы қазанда Нұр-Сұлтан әуежайында ұсталған болатын.

Бас көлік прокуратурасы ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, айыпталушының кінәсін дәлелдейтін қажетті айғақтарды жинады.

Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы бастамасымен ҚР Білім және ғылым министрлігіне қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды жою туралы жеке қаулы шығарылды.

«Палеонтология заттарының экспортына лицензия беру тәртібін қайта қарау қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін ұзартып, комиссия құрамына Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерін қосу керек. Себебі, қолданыстағы заңнама бойынша бір тәулік ішінде құндылықтарға тек қана ұсынылған құжаттар негізінде объективті баға беру қиынға соғады», - деп көрсетеді орган.


Соңғы жаңалықтар