Мамлютка қаласында баспана кезегінде тұрғандарға 30 пәтерлік үй салынды - СҚО

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласында жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген 30 пәтерлік үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Мамлют ауданы ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, Мамлютка қаласында 30 пәтерлі екі қабатты үйдің құрылысы былтыр наурыз айында басталған. Жоба бойынша 14 бір бөлмелі, 10 екі бөлмелі және 6 – үш бөлмелі пәтер бар. Жобаның құны 375 млн теңге. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспана үй кезегінде тұрғандарға - ең алдымен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілмек.

«Үй толық абаттандырылған, орталықтандырылған жылу, су тартылған. Ауласында балалар, спорт алаңдары, көлік қоятын арнайы орын бар. Пәтерлер «Тұрғын үй қатынастары» Заңына сәйкес мұқтаж жандарға беріледі. Қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі кезекте тұрғандарға түгендеу жүргізді. Жақында тұрғын үй комиссиясының отырысы өтеді. Ол жерде пәтерлерге үміткерлердің әрқайсысы қаралады», - дейді Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.

Қазіргі уақытта Мамлют ауданы бойынша 220 адам баспана кезегінде тұр. Оның 107-сі жетім балалар болса, 54-і тұрмысы төмен және 14-і көп балалы отбасылар.

«Былтыр Мамлютка қаласында жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді, 13 көше жарықтандырылды. «Еңбек» бағдаламасы бойынша 5 үй салынды. Олардың барлығы оңтүстік өңірден көшіп келгендерге беріледі. Осы мақсатта биыл тағы 19 үйдің құрылысы басталады», - деді Еркін Самарханұлы.


Соңғы жаңалықтар