Мәмлүктанушы Қайрат Сәки: Байбарыстың атағын ұлықтау да, есімін дұрыстау да біздің еншімізде тұр

None
Видеодан алынған кадр/ youtube.com
КАИР. ҚазАқпарат – Жастайынан жусанынан айырып, құлдыққа сатылған, ал қарапайым құлдықтан ел билеушісіне дейін көтерілген, осылайша «өзге елде жүріп-ақ Сұлтан болған» Байбарыс бабамыздың туғанына биыл 800 жыл. Халықаралық һәм мемлекетаралық деңгейде қыпшақ перзентінің мерейтойы лайықты аталып жатқанына куәміз. Сондай іс-шараның бірі жақында Мысыр астанасы Каирде өтті. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация алдымен әз-Захир Бейбарыс мешітін ашып, соңынан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ислам өркениеті мен тарихын зерттеуші ғалымдардың басын қосқан. Осындай алқалы жиын арасында мәмлүктанушы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қайрат Сәкимен азырақ әңгіме құрған едік.

- Қайрат Сәки мырза, мәмлүктанушы ретінде қыпшақ перзентінің өмір жолына қатысты өз көзқарасыңызды білгіміз келеді? Ілгерідегі тарихшылар бабамыз туралы қандай деректер қалдырған екен?

- 1250-1382 жылдар арасында Египет, Сирия және Хиджаз жерін қамтыған түркі мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негiзiн қалаған Рукнуддин Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқдари ас-Салихи ан-Наджми әл-Айуби әл-Ханафи ат-Туркидің шыққан тегi жөнінде ортағасырлық тарихшылар бірауызды, алабөтен таластары жоқ, бәрі оның түркi, қыпшақ екендігін жазады. Ортағасырлық тарихшылар Египеттегі Байбарыс билігін өте жоғары бағалаған. Мәмлүктер сол кезде апаттың алдында тұрған мұсылман өркениетін күйреуден құтқарып, оның дамуына жаңа серпін берген. Оны бір ғасырдан астам уақыт Египет пен Сирияны билеп-төстеген қыпшақ әулетінің көрнекті билеушілерінің бірі Байбарыс сұлтан жүзеге асырды. Ортағасырлық мұсылман тарихшыларының iрiсi әл-Мақризи: «Қорытып айтқанда, Байбарыс исламның ең ұлы патшасы едi», – деген тұжырымы өте әділ баға.

Сонымен қатар, тарихшылар Байбарыс 1261 жылы халифат туын Каир қаласында көтеріп, ислам дүниесiнiң қорғаушысы атағын алуға ұмтылған билеушiлердiң iшiнде мақсатына жете алған жалғыз сұлтан деп көрсетедi.

Сол кезден бастап мәмлүктер ислам қоғамында өте биiк мәртебені иемдене бастайды. Олар халифаны қамқорлыққа алған, олардың заңды құзыреттi күш ретiнде басқа мұсылман иелiктерiне жоғарыдан қарайды.

Халифат орталығының Мысырға көшiрiлуi Каир қаласының маңызының артуына әкелдi. Сол заманда өмiр сүрген тарихшы ас-Сайути: «Халифа қайда жүрсе, иман мен iлiм сол жерде. Мысыр халифат үйiне айналғанда бұл жердiң маңызы артты, дiнi күшейдi, ғұламалар мен басқа артық бiткен адамдардың тұрағына айналды», – деп көрсетедi.

- Осы тұста Байбарыс сұлтанның дінмен қатар, ғылым-білімге жол ашқан қайраткерлігі туралы оқырманға айтар ойыңызды білсек? Бабамыздан қалған қолтаңба деп айтатын тарихи нысандар да толып жатыр емес пе?

- Байбарыс - мұсылман әлемінің мың жылдық тарихы бар әл-Азһар университетінің дамуына үлкен үлес қосқан бірегей тұлға. 970-972 жылдары құрылған әл-Азһар 1171 жылға қарай бұрынғы маңыздылығын жоғалтып, қарапайым мешітке айналған еді. Байбарыс әл-Азһар бірқатар уақып түріндегі қайырымдылықтар жасап, соның есебінен тозығы жеткен ғимарат жөнделіп, оқытушылар мен оқушылардың жағдайын жақсартады. 1266 жылдан бастап әл-Азһар мешітінде құтба қайта оқыла бастады. Осылайша, ең алдымен Байбарыс бастаған қыпшақ мәмлүк сұлтандарының арқасында біртіндеп әл-Азһар дәстүрлі білім мен ғылымның жалпы мұсылмандық орталығына айналды.

Ал бабамыздың әскери, соғыс саласындағы өнеріне келсек, оның ірі шайқастарда жеңіске жету жолдары, ұрыс тәсілдері болғанын анық байқаймыз. Осы арқылы да ол әлемдік шежіреге есімін мәңгілікке жазып кетті. Мысалы, Байбарыс тарихқа ассасиндер-хашишшiлер деген атпен енген исмаилиттердi ауыздықтаушы. Олардың бiр ерекшелiгі – қарсыластарын өлтiрудi саяси құрал ретiнде қолдануы. Бұл атау олардың есiрткiге құмарлығына қарай берiлген. Олар есiрткiнiң күшiмен елiтiп, жаннатты көз алдарына елестететiн. Тастары өрге домалап тұрған кезде Батыс пен Шығыс әмiршiлерi олардан қатты сескенгендiгi тарихтан белгiлi. Қазiргi ағылшын тiлiнде assassin – адамды саяси мақсатта өлтiрушi деген етістік соларға қатысты айтылған. Сонымен, Байбарыс исмаилиттердiң бекiнiстерiне өзiнiң өкілдерін тағайындап, олардың бекiнiстерiн бiрте-бiрте өз қарамағына ала бастайды. 1273 жылы сұлтан Байбарыс оларды асқан шеберлiкпен, қантөгiссiз тiзгiндеп, Жоғары Мысырға көшiредi. Байбарыс оларды өзiнiң жауларын өлтiруге жұмсап отырған. Мұсылман тарихшылары Байбарыстың ассасиндерге қарсы күресін шиизмнің тарауына тосқауыл болған шешуші қимыл деп бағалайды.

Байбарыс діни істерде әділдікпен ислам дiнiнiң төрт мәзһабының бас қазыларын тағайындап,бiр ғимаратқа отырғызған. Оның титулындағы әл-Ханафи сұлтанның ислам дiнiнiң сүннит тармағының төрт мәзһабының бiрi – имам Әбу Ханифа салған дiни бағыттың ұстанушысы екендiгiн көрсетедi. Ол бұған дейін Халифаттың жерлерін отпен және қылышпен басып өтіп, оны жойып жіберген Хулагу ханның әскеріне тойтарыс береді. Хулагу хан әскері Халифаттың барлық дерлік территорияларын жаулап алғаннан кейін, Сирия мен Палестинаға жетіп, Египетті күшпен бағындыруға әрекет жасады. Дәл осы жерде 1260 жылы әйгілі Айн Джалут шайқасы болды, онда Хулагу ханның әскері жеңілістің ащы дәмін татты. Байбарыс жаулап алынған халықтардың есебінен өз қатарларын тез толықтыра алатын Хулагу ханның қуатты армиясын күйрете жеңді. Ортағасырлық тарихшылар Айн Джалуттағы мәмлүктердiң жеңiсi ислам әлемiн ең қатерлi қауiптен құтқарып қана қоймай, соңғы iрi мұсылман мемлекетiн сақтап қалды деп бағалайды. Сонымен қатар осы майдан 250 жыл бойы Таяу Шығыстағы бiрден-бiр саяси күшке айналған мәмлүктердi саяси сахнаға шығарды. Мәмлүктер осы қанды қырғын арқылы өздерiнiң билiк басында қалуларына саяси кепiлдiк алды. Кезiнде мәмлүктер тақты заңды иелерiнен күшпен тартып алса да, осы шайқас оларға билiктi сақтап қалуға мүмкiндiк бердi, олардың статустарын заңдастырды. Осы жан алып, жан беріскен оқиға қыпшақ мәмлүктерді ислам дiнiн Хулагу қосындарынан тайсалмай қорғап қана қоймай, жауларын тiзе бүктiре алатын бiрден-бiр жаужүрек топ ретiнде көрсеттi. Байбарыс бастаған мәмлүктердің мұсылман өркениетіне сіңірген басты еңбегінің қатарына Жерорта теңiзiнiң шығыс жағалауларында орналасқан кресшілерге қарсы кескілескен, аяусыз ұрыста жеңімпаз болып шыққандығы жатады. Байбарыс 1261-1271 жылдар арасында Жерорта теңiзiнiң шығыс жағалауларында орналасқан христиан иелiктерiне қарсы толассыз шабуылдар жасаудан жалықпайды. Сұлтанның әр жорығы, кейде бiр, кейде бiрнеше бекiнiстер мен оның маңындағы жерлердiң мәмлүк мемлекетiнiң иелiгiне көшуiмен аяқталып отырған. Крестшiлерге қарсы күрес сұлтанның өмiрiнiң мәнiне айналды дей аламыз. Осы заманғы батыс тарихшысы С.Рансимен: «Христиан әлемi Байбарыстың қазасымен Саладиннен кейiнгi ең iрi жауынан құтылды. Ол сұлтандыққа отырғанда крестшiлердiң иелiктерi шығысқа созылып жатқан едi. Он жетi жылға созылған билiгi iшiнде крестшiлердi, шалғай жатқан Латакия, Аслит, Марқаб бекiнiстерiн қоспағанда, Жерорта теңiзiнiң жағалауындағы Акка, Сур, Сайда, Триполи, Джебил, Антортус секiлдi бiрнеше қалалармен ғана шектелуге мәжбүр еттi. Байбарыс бұл қамалдардың бiржолата құлағандарын өз көзiмен көрмесе де, солай болатындығын реттеп кеттi», – деп жазды.

Нәтижесінде, бірнеше жеңілістерге ұшырағаннан кейін, крестшілер әскерлері барлық бекіністерінен айырылды. 1291 жылы крестшілер қасиетті жерден толығымен қуылды. Қыпшақ мәмлүктердің ымырасыз жаулары елхан, франк және османлылар болды. Басқа қарсыластар - армяндар, нубиялықтар мәмлүктерге стратегиялық қауіп төндіре алмады. Жерорт теңізінің шығыс жағалауын крестшілерден тазарту 28 жылға созылды (1263-1291), бірақ содан кейін Батыспен текетірес тоқтаған жоқ. Мәмлүк сұлтандары өз заманының озық жасағын құруға ерекше назар аударды. Қыпшақ билеушілердің құл базарларына түскен түркі ер балаларды сатып алуды кеңінен жолға қоюы, әскери құрылыста түркі элементіне арқа сүйегендігін көрсетеді.

- Байбарыс Сұлтанның дипломатиясы мен мәдени жетістіктеріне де тоқталсаңыз?

- Байбарыс 1262 жылы Алтын Орда ханы Беркемен дипломатиялық қатынас орнатабіледі. Хат-хабарлардан көрініп тұрғандай, екі мемлекет арасында саяси одақ құрылды. Сол кезде Алтын Орда ханы Берке ислам дінін қабылдағаны жария болған еді. Байбарыс өзінің хаттарында «ортақ жауды жоюға» шақырады және «оны қолдайтынын» баса айтады. Бұған жауап ретінде хан Берке былай деп жазады: «Сұлтан мен Құдайдың ұлы сөзін көтеру үшін біз қанымыз бен тәніміз бір болатын Хулагумен күрескенімді білсін, ол менің исламға деген шексіз сүйіспеншілігім туралы білсін».

Сонымен қатар, тарихи деректерге сәйкес, әскери жетістіктерден басқа мәдени жетістіктер де болған. Осындай мәдени жетістіктердің бірі – алғашқы араб-қыпшақ сөздігін жасау. Египетте жасалған басқа сөздіктер болды, олардың біреуі бірден төрт тілге арналды: араб, парсы, түркі және моңғол. Сонымен қатар, мәмлүк сұлтандарының билігі кезінде көптеген көркем және әдеби шығармалар жасалды, олардың кейбір даналары ғана сақталған. Осылайша, Египеттегі түркі мәмлүктері ислам өркениетін қорғаған шебер жауынгерлер мен қолбасшылар ретінде ерекшеленіп қана қоймай, сонымен қатар сәулет өнерінің, сондай-ақ, әлемдік әдебиеттің, поэзияның, медицинаның дамуына үлкен үлес қосты. Мәмлүктердің мұсылман өркениетіне сіңірген еңбегі мәмлүктер кезінде Египеттің экономикалық әл-ауқаттың өсуінен де көрінді.

- Біз әңгімеде Бейбарыс Сұлтанның есімін Байбарыс деп айтып отырмыз ғой. Осы жағын да оқырманға түсіндіре кетсеңіз?

- Бұның себебі, мен тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болу керек деп білемін. Қазір Байбарыс есiмi елiмiздiң ақпарат құралдарында да, ауызекi тiлде де бұрмаланып жүр. Бабамыздың аты осылай қате айтылып, бұрыс жазылып келе жатқандығы – өкiнiштi жайт.

Сұлтан есiмiнің Бейбарс деп бұрмаланған нұсқасы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. В.Тизенгаузеннiң 1884 жылы жарық көрген «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнде алғашқы рет орыс тiлiнде сұлтанның есімі Бейбарс түрінде ұшырасады. Алайда В. Тизенгаузен: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені бізге қалдырған.

Мәмлүк дәуiрiне қатысты атаулар қазақ тiлiне орыс тiлi арқылы кiргендiгi белгiлi. Бейбарс, Айбак, Аксункур, Балпан, Октай, Тагрибирди және т.б. түрде ғылыми-әдеби айналысқа енген атаулардың дұрысы Байбарыс, Айбек, Ақсұңқар, Балапан, Ақтай, Тәңiрбердi екендiгi даусыз. Әрине, бай, бек, би және бей сөздерiнiң түбiрi бiр. Осы орайда қазақ тiлiнде жүзден астам бей-ден басталатын сөздердiң көпшiлiгi парсы тiлiнен енген бей терiске шығару қосымшасының көмегiмен жасалған сөздер екендiгiне назар аударғымыз келедi. Мысалы; беймаза, бейшара, бейбақ, бейуақ т.б. Әйтпесе, 1245 жылы Мысырда жазылған «Қыпшақ-араб сөздігінде» Байбарыс. Сөздікте Байбарыс сөзінің бірінші буыны «бай» (бай ол кезде бек мағынасында жұмсалған) арабша «амир», ал «барыс» сөзі «фаһд» дегенді білдіреді деп, «амир фаһд» деген екі сөзден тұрады деп жазылған. Араб тілді мұсылман тарихшылары Байбарыс сұлтанның атын жіктеп мағынасын ашып жазып кеткен. Араб тілінде айдифтонгы ауызекі тілде ей деп оқылғанымен (шейх, сейд, Бейбарс), әдеби классикалық тілдің нормасы бойынша шайх, саид, Байбарс деп оқылуы тиіс.

Байбарыс есіміндегі бай сөзі қыпшақ мәмлүктер кезінде әмір, бек деген мағынаны білдірген. ХІІІ ғасырда бай, би, бек деген сөздердің аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны білдірмеген. Оны біз қазақтың көне сөздерінен көреміз. Мысалы, бәйшешек, бәйбіше, байтөбет (дұрысы байшешек, байбіше). Дұрысы бай екендігі байтөбет сөзінен көрінеді. Бәйшешек - бірінші шығатын гүл, бәйбіше - әйелдердің үлкені, байтөбет - иттің сырттаны.

Тіпті мәмлүк қыпшақтар заманын айтпағанда, олардан кейін 300 жыл өткенде бей сөзі емес, бай сөзі осман билігі кезінде әкімшілік мансапты да білдірген. Ханымдар мен мырзалар (Лэйдиз энд джентелмэн) деген тіркес түрік тілінде Bayanlar ve baylar екендігі көп нәрсені аңғартады. Көріп отырғанымыздай, ресми және ғылыми қолданыста бей сөзіне орын жоқ. Бей сөзі араб тілінен түрік тіліне қайта кірген бай деген түркі сөзінің ауызекі формасы болуы әбден ықтимал. Египетте білім алғандар, ұзақ тұрғандар бей сөзінің әлі де кең қолданыста екендігін растайды деп ойлаймын. Осы айтылғанның бәрін тұжырымдасақ, сұлтанның дұрыс аты Байбарыс екені даусыз деп санаймыз. Бiрiншiден, ХІІІ ғасырда бай, бек, би сөздерінің мағыналық аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны емес, бек, бірінші, басты, бас деген ұғымды білдірген; Екіншіден, сол кездегi қыпшақ, жалпы алғанда түркi есiмдерiн зерттеп қарағанда бай сөзi, көбiнесе ХIХ-ХХ ғасырлардағыдай емес, адам атының басында келiп отырған. Мысалы, Байбарыстың замандастарының аттарын ғана мысалға келтiрсек: Байғара, Байдара, Байтуған, Байтемiр, Байсары және т.б. Үшіншiден, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi өз еңбектерiнде сұлтанның атын Байбарс деп көрсетiп отырған. Төртіншіден, ғылыми қолданыста, оның ішінде ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Baіbars, Baybars деп жазылады. Бесіншіден, бей сөзі кең қолданыстағы түрік тілінде сұлтанның аты Baybars деп жазылады.

Қорыта келгенде, қазақ даласының перзентi сұлтан Байбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз.


Соңғы жаңалықтар