Мамин Атырау және Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялау ұсынысын қолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жетекшілік ететін экономика салаларында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастыруы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Биылғы жылғы қаңтар-наурыз қорытындылары бойынша 7 негізгі көрсеткіштің ішінде алтауы бойынша Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуі байқалды. 7 негізгі көрсеткіштің ішінде бесеуі бойынша алты өңірде өсу байқалды. Бұл – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, жеті өңір бойынша 4 көрсеткіш бойынша оң динамика байқалды. Бұл – Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.

«Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларының өсуіне жол бергені үшін Атырау және Жамбыл облыстары әкімдерінің жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жариялау жөніндегі Әлихан Асханұлының ұсынысын қолдаймын», - деді А. Мамин.

«Барлық өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жетекшілік ететін экономика салаларында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастыруы қажет. Жалпы Қазақстанның экономикасы жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, көрсеткіштердің біртіндеп өсуін көрсетіп отыр», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Атырау мен Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттап кеткенін айтты.

«Осыған байланысты, осы жұмысқа жауапты Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбаев Қайрат Есқабылұлына және Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Нығмашев Берік Болатұлына қатаң сөгіс беруді тиісті облыс әкімдеріне тапсыруды сұраймын», - деді Әлихан Смайылов Премьер-Министр Асқар Маминге.


Соңғы жаңалықтар