Мәмбет Қойгелді: Азаттықтың бізге берген ең үлкен сыйы - еркін ойлау

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Астанадағы «Алаш» партиясының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Алаш қоғалысы: 100 жылдан соң» атты баяндама жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Профессор сөзін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатымен бастады.

«Шырағым Ахмет! Шырағым Міржақып! Сендер қайта-қайта абақтыға түсе бересіңдер. Оған налымаңдар. Атам заманнан, Прометейден бергі уақытта ел үшін күрескен азаматтардың көргені - абақтының есігі. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Доңыз сонда аққуға: «Ей аққу, сен айтшы, күн бар дейсің, сол күнді мен неге көрмеймін» депті. Сонда аққу: «Әй доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан, сен күнді көре алмайсың» депті. Шырағым Ахмет! Міржақып! Болашаққа күнді көре алатын ұрпақ керек. Сол ұрпақ сендердің аттарыңды атап, құрмет көрсетіп жатса, бақытты емессіздер ме!?» дейді. Мына бүгінгі керемет залда Алаштың мерейтойына жиналып жатқанымыз, сол ұрпақтың өмірге келгенінің, сол ұрпақтың «қазақпын» деп алшаң басып жүргенінің көрінісі деп ойлаймын», - дейді академик.

Мәмбет Қойгелді тарихшылар қауымдастығы атынан Алаштың 100 жылдығына арнап, Алаш туралы ақиқатты айтсын деп конференция ұйымдастырып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс айтты.

«Мен 30 жылға жуық уақыт Алаш арыстарын зерттеп келемін. 20 жылға жуық уақытта архивтерді ақтардым. Сондағы түсінгенім, Елбасы дұрыс айтады: «Біз сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп кеткен таптаурын қағидалардан арылуымыз керек». Осы уақытқа дейін өкінішке қарай біздің санамызда баяғы кеңестік заманда қалыптасқан қағидалар өріп жүр. Мысал келтірейін: Жақында ғана Алматыда «Большевики в Казахстане: Зло или благо» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонда кейбір тарихшылар: «Егер Қазан төңкерісі болмаса, Кеңес билігі болмаса, Қазақстан Ауғанстан деңгейінде қалар еді» деген пікір айтты. Бұл не деген сөз? Бұл қандай сөз? Біз осыған ойлануымыз керек. Бұның ар жағында «Кеңестік билікке альтернатива жоқ» деген ой жатыр. Біз осыған сенеміз бе ? Осы негізді ме? Ол - өтірік тұжырым. Біздің ол тұжырымнан бас тартатын уақытымыз келді. Еркін ойлау деген бар. Азаттықтың бізге берген ең үлкен сыйы - еркін ойлау. Олай болса жаңағыдай тұжырымға жауап беруіміз керек. Кеңестік билікке альтернатива бар еді. Ол Алашорда үкіметі болатын», - дейді академик.

Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысы неден басталды, деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғады.

«Алаш қозғалысы ағартушылықтан басталды. Барлық Еуропа елдерінде, өркениетті елдерде, бәрі де сондай. Мен Сіздерге бір нәрсені айтқым келеді. Ағартушылар Шоқан, Ыбырай, Абай деп айтып келеміз. Ол рас. Бірақ, олар ағартушылықты үлкен ауқымда жасай алмады. Жасай алмайтын да еді. Ол жағдайды жасаған - Алаш зиялылары. «Айқап», «Қазақ» басылымдары, елдің санасын өзгерту, жаңа руханият жасау - бұл нағыз ағартушылық. Еуропада ағартушыларды алақанында ұстады. Басына көтерді, ескерткіш қойды. Ағартушылық өз жолымен, сатысымен жүрді. Қазақ қоғамында не болды? Қазақ қоғамында ағартушылық 20 жылға созылды. 20 жылға жетпей жатып ағартушылардың өздері де ағартушылық пен азаттық идеясын біріктірді», - дейді Мәмбет Қойгелді.

Соңғы жаңалықтар