Мамандар жастардың нашақорлыққа салынуының бірнеше себебін айтты

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 23 жасөспірім психиатр-наркологтың және 18-і психологтың көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қоғамдық кеңестің мүшесі, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Ағыбай Күшімбаевтың айтуынша, жастар арасында психобелсенді заттарға деген қызығушылықтың өскенін байқауға болады. Тәжірибе көрсеткендей, жастардың нашақорлыққа келуінің бірнеше себебі бар.

«Оның бірі – сенгіштік және еліктеуге бейімділік. Екіншісі – отбасындағы қаржылық қиындық, «жеңіл ақша» табуға құштарлық. Мәселен, білікті жұмысшы кадрлар бөлімінің студенті есірткі заттарын сатып алу кезінде ұсталды. Ол әңгіме барысында осылайша ақша таппақ болғанын айтты. Жұмысты оған телеграмм каналында ұсынған. Студент қолға түскен кезде, сараптама қорытындысына сәйкес, есірткі тұтынбаған болды. Соттың шешімі бойынша оған шартты түрде жаза кесілді. Қазір ол 3 курста оқып жатыр», - дейді Ағыбай Күшімбаев.

Ұстаздың айтуынша, жастардың бір тобы есірткі қолдану арқылы қатарластарының арасында өзін танытады.

«Технология бөлімінің студенті есірткі заттарын қолданып, мінез-құлқы өзгерді. Ата-анасымен жанжалдасып, әкесімен төбелесетінді шығарды. Сабақты қалдырды. Жігіт есірткіге жақын жандармен араласты. Әке-шешесі де, жігіт те маманның көмегінен бас тартты. Екі жақты келісіммен студент өз еркімен әскерге аттанды. Биыл әскерден кейін колледжде «аспаз» мамандығын алып шықты», - дейді колледж директоры.

Нашақорлыққа әкелетін тағы бір себеп – отбасындағы маскүнемдік, ата-ана мен бала арасында сенімді байланыстың болмауы.

«Матвей есімді жасөспірім бізге арнайы оқу-білім ордасынан келіп, білікті жұмысшы кадрлар бөлімшесіне оқуға түсті. Алайда сабаққа себепсіз келмеген күндері көп. Әлеуметтік-психологиялық қызмет бірнеше рет үйіне барды, осындай әңгіме барысында студенттің өгей анасы жігіттің әкесі сияқты есірткі қолданатынын айтты. Студенттің әкесі баласын психикалық денсаулық орталығына апарып емдетуден бас тартты. Осыған байланысты тиісті шаралар қолданылды. Матвей сабаққа келмегені үшін оқудан шығарылды», - дейді Ағыбай Күшімбаев.

Ұстаздың айтуынша, ата-ана тарапынан дұрыс бақылаудың болмауы, студенттің жиі сабақты қалдыруы, қиын өмірлік жағдай, көбіне нашақорлықпен аяқталады.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл 23 жасөспірім психиатр-наркологтың және 18-і психологтың көмегіне жүгінген.


Соңғы жаңалықтар