Мамандар сатылған көлік есептен шығарылмаса қандай қиындықтар туындайтынын айтты

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Сенімхат арқылы сатылған көлік үш жылдың ішінде сатып алушының атына аударылмаса машина автоматты түрде бұрынғы иесінің атына қайта аударылады. Талдықорғандағы мемлекеттік кірістер басқармасының маманы осылай деп мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, салық қызметкерлері сатылып кеткен көліктің салығы бұрынғы иесіне қайта келіп жататын жайттар жиі кездесетінін айтады. Барлығы сенімхаттың салдарынан дейді олар.

Яғни, көлікті сенімхат арқылы сатқанда, көлікті сатып алушы оны үш жылдың ішінде өз атына аударып алуы керек. Олай болмаған жағдайда көлік автоматты түрде бұрынғы иесінің атына қайта аударылады.

«Үш жылдың ішінде есептен шығармағаннан кейін, сенімхаттың күші жойылады. Яғни көліктің иесі оны сатқан адам болып қала береді. Сондықтан көлік сатқан адам салық комитетіне келіп, қарыздарын есептетіп, автоцонға барып, утилизация рәсімдеп, көлігін тіркеуден алып тастауы керек», - деді Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Бауыржан Бекежанов.

Басқаша айтқанда, көлік кімнің атында тұр, сол адам салық төлейді. Төлемеген жағдайда берешек мәжбүрлі түрде сот арқылы өндіріледі. Сондықтан көлікті сатқаннан кейін бірден оның сатып алушының атына аударылғанын қадағалау керек. Себебі, көліктің салығы төленбеген жағдайда өсімпұл күннен күнге өсе береді.

«Яғни, көліктің иесін сотқа береді. Шоттарын бұғаттайды, көлігін айып тұрағына қояды, бұған қоса өсімпұл өседі»,-дейді мамандар.

Осыған дейін елімізде 1 миллионнан астам адам көлік салығын төлемегені туралы жаздық.


Соңғы жаңалықтар