Маман даярлауда сан емес сапаға қарайтын уақыт келді - ҚазМҚПУ ректоры

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат -  Елбасы Жолдауы жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы - маңызды қадам. Осындай пікірімен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова бөлісті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында жарияланған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. 

«Елбасы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданады. Бұл - қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ»,  - деді университет ректоры. 

Гаухар Алдамбергенова Мемлекет басшысының оқу орындарына қойып отырған талап үдесінен шығу керектігін айтты.

«Мемлекет басшысы нарықта тек сапалы білім бере алатын жоғары оқу орындары қалу керектігін баса айтты. Расында да білікті кадр дайындауда және ғылыми жұмыстар жүйесінде университеттер маңызды рөл атқарады. Осыған орай отандық ЖОО оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне басты назар аударып, әлемдік жетекші университеттердің сыннан өткен тәжірибесін пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Бұл - қазақстандық жоғары білім беру жүйесін заман ағымына сәйкестендіруге негіз болады»,  - деді ол. 

Гаухар Алдамбергенованың айтуынша, Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге айрықша көңіл бөлінген. 

«Қазір аз да болса сапалы маман даярлайтын уақыт келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні өтіп бара жатқанын байқатады. Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау - қоғам санасының жаңғыруына басты тетік. Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, сапалы білім - біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың осы саладағы іс-әрекеттеріне таразы болады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті білім мен ғылымды дамытуды, қыздарға педагогикалық білім беруді және белсенді азаматтық ұстанымды басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны екендігін айтқым келеді. Университет ұжымы Жолдауда көрсетілген міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспар қабылданады»,  - деді ректор. 

Еске сала кетсек, Елбасы Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылдануы керектігі айтылған болатын.

Соңғы жаңалықтар